Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Бог всех Вас накажет!”. Алматы сотының “дәурені” жүріп тұр

Басында мантиясы бар, қызыл шапанды әділ қазымыз мен табалдырықтан аттай сала бірден іске кірісті:

– Мынау кім (алдына менің құжатым жатқан секілді)?

Мен аты-жөнімді айтпақ болып тамағымды кеней бергенде, сот көмекшісі „встречный ғой„ деп шақ етті.

Иллюстрация үшін алынған сурет

Сот:

– Ммм, 1 жыл лишение. Не дейсің өзің?

– Кептеліс болды, асығып тұр едім, жолақты кестім, рас, одан соң кері бұрылып кету үшін встречныйға шығып, кішкене алға жүргем, – деп ақтала бастап едім, сот сөзімді бөліп жіберді.

– 250 мың…

Түсінбей аңқиып қалыппын. Басыма бірінші келген ой: „Ойбай, айыппұлы 250 мың ба?..„

– Неге үндемейсің, – деді сот.

Сөзге көмекшісі араласты:

„Қалай 250 мың теңгең бар ма, жоқ болса бара бер, қанша адам күтіп тұр сыртта„.

– Бүгін барлығы лишение, әдейі бір күнге топтастырып шақырдым„, – деді ол сотқа қарап.

Сот оның бұл әрекетін құптағандай ақырын басын изеді. Мен мырс ете түстім. Өйткені кезекте отырған екі жігіттің әңгімесі есіме түсіп кетпесі бар ма?

Ол екеуі:

– Заң бұзған жоқпыз, МАЙ қызметкерлері әдейі „қораға„ кіргізіп жіберді, сотқа қазір айтып, өзіміздің ақ екенімізді дәлелдейміз„ деп дайындалып отырған.

Атасының басы деші. Әділдік іздеген соттарының түрі мынау. Құдды базарда отырғандай…

– Неге күлесің, – деді сот қатулы жүзбен.

– Ойбай, қызықсыздар, 250 мыңым болса анау Алматы облысынан қалаға келіп, таксовать етіп жүрем бе, айлығым жақсы болса, көлікті кредитке алып нем бар, – дедім ағымнан жарылып, жағдайымды түсініп қалар деген бір ойменен.

– Содан, ақша жоқ па?

– Жоқ…

– Онда бір жыл лишение, бара бер.

Кетіп бара жатып, ана орыс шалдың неге ашуланғанын жақсы түсіндім. Ол құсап, бір мінез көрсетейін бе деп ойладым да райымнан тез қайттым. Дәтің бармайды екен. Бәріміз қазақпыз ғой. Сот та қазақ, мен де қазақ дегендей. Тағы бір жағынан, заң бұзғаным рас енді. Бірақ соттың базардағы саудагерлер секілді бетпақтығы шамыма тиіп кетті.

Бұл жол оқиғасы ғана, ал шындап қылмыс жасасаң, түгіңді қоймайды ғой бұлар. Дәлізде формадағы атшабар жігіттер құжат ұстап, зырылдап жүгіріп жүр. Ананың бәрі көз алдыма ақша болып елестеді. Нағыз табыс осы арада екен ғой.

„Теке болмаймын„ деп, құр намыстанғанша, сорың құрғыр, кезінде заңгерлікті оқып алу керек еді. 200 теңге, 500 теңге үшін ала-кешке дейін сұр темірмен ала шапқын болған, өмір-ай. Мардымсыз болса да сол табыстан да бір жылға құр қалып тұрған жайым бар. Ішім ашып барады. Енді кредитті қалай төлеймін?..

Оны ойласам, басым ауырып кетеді…”.

 

Ербол Құлсары

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз