Бүгін Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары Үкіметтің өзгертілген уақыт белдеуінің халықтың денсаулығына, еңбек өнімділігіне және энергия тұтынуына әсері туралы зерттеу нәтижелерін тыңдады. Бұл зерттеу фракцияның бастамасымен алты негізгі бағыт бойынша жүргізілді. Оған беделді ғалымдар, сарапшылар мен ғылыми институттар тартылып, географиялық параметрлері ұқсас елдердің тәжірибесі сараланды.

Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев баяндама жасап, уақыт белдеуін өзгерту туралы шешімнің негізді екенін атап өтті.



– Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Үкімет уақыт белдеуін ауыстырудың ел өміріне әсерін жан-жақты зерттеуі керектігін айтқан болатын. Бүгін Үкімет осы ғылыми зерттеудің қорытындысын ұсынды, ол уақыт белдеуін өзгерту туралы шешімнің негізді екенін дәлелдейді, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Талқылау қорытындысында депутаттар зерттеу нәтижелерін қабылдап, оның маңыздылығын халыққа кеңінен түсіндіру қажет екенін атап өтті.
Үкіметке жергілікті атқарушы органдармен және мәслихаттармен бірлесіп, бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің ғылыми негіздерін түсіндіру бойынша ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізу ұсынылды. Бұл іске ғалымдар, сарапшылар мен қоғам қайраткерлерін тарту, сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен ақпарат тарату қажеттігі айтылды.
Сонымен бірге, халықтың сұранысы мен шетелдік тәжірибені ескере отырып, өңірлерде жұмыс кестесін өзгерту тәжірибесін жалғастыру ұсынылды.