Халықаралық нарықта мұнайдың бағасы күн санап құнсызданып жатыр.
2016 жылдың қарашасынан бері тұңғыш рет мұнай бағасы барреліне 45 доллардан төмен түсті.
Лондондағы қор биржасында тіркелген электронды сауда мәліметтеріне сүйенсек, 22-маусымда таңертең Brent маркалы солтүстік теңіз мұнай қоспасының тамыз фьючерстері барреліне 44,87 долларға тең болды, осылай 2,5 пайызға төмендеп отыр. WTI маркалы мұнайдың тамыз фьючерстері барреліне 42,63 долларға саудаланып жатыр. Ол өз кезегінде мұнай саудалаушы елдердің ұлттық валютасы құнына соққы боп тиюде.
Қазақстанда бір апта ішінде 1 АҚШ доллары 310 теңгеден 330 теңгеге дейін көтеріліп, теңгеміз 20 теңгеге құнсызданды.
Kurs.kz сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Алматыдағы ақша айырбастау орнында 22-маусымда 1 АҚШ доллары 327 теңгеден сатып алынып, 328-330 теңгеден сатылып жатыр. Бұл – бейресми бағам. Ал Қазақстан қор биржасында тіркелген ресми бағам – 327,41 теңге.