Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
24
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Білім саласы былыққа әбден батыпты. Сау балаларды мүгедек ететін мектеп бар

155

Даудың басы былтырғы оқу жылынан басталған. Ауылдағы «Домалақ ана» мектебінің директоры Жұмахан Керімбаев ата-аналарды жиып, 1-сыныптың «инклюзивті» деген атаумен ашылатынын айтқан. Балғындардан дарынды да білімді оқушы шығаратынын уәде еткен. Осылайша, жаңа сыныпқа сегіз бала жинаған. Тағы екі баланы директор дайындық сыныбынан алдырып, сыныпты толтырған. 5-6 жас шамасындағы балғындар осылайша «инклюзивті сынып» деген ауылдағы ноу-хаудың алғашқы шәкірттері атанады.

Ата-аналардың айтуынша, мектеп директоры араға уақыт салып олардан таза қағазға қол қойдырған. Компьютермен мәтінін өзіміз тереміз, деген себеп айтқан екен. Алданғандарын кейін түсінгендерін айтқан азаматтар, бірнеше айдан бері әділдік іздеп талай табалдырықты тоздырыпты.

Олар ауылға арнайы келіп балаларды жаппай тексерген психологиялық, медициналық және педагогикалық комиссиясының шешіміне наразы. Он балаға бірдей «мектеп бағдарламасын меңгеру үшін психолог пен деффектолог маманның арнайы көмегі керек» деген қорытындыны, мектеп басшылығымен тікелей сыбайластық деп түсінеді. Жемқорлықтың жетегінде жүргендер, бала тағдырымен ойнағаны үшін жауапсыз қалмауы тиіс, дейді ата-аналар.

– Инклюзив дегенді біз қайдан білейік? Менің ұлым дайындық сыныбына барған. Қыркүйектің сегізіне комиссия келді деп шулады. Содан балаларыңа жетілдірілген білім береміз деді директор. Бірінші тоқсан біткен соң балам оқуды қойды. Бәрібір біз оқымаймыз, тек ойнаймыз, деді. Сұрастырсам, ағылшын тілі аптасына бір сағат қана. Жаратылыстану мен дүниетану мүлдем жоқ. Мектепке барып едім, директор елеген де жоқ. Қолын бір сілтеп, баратын жеріңе бара бер, деді. Содан бастап ұйқы қашты. Үйде күнде дау. Сонда біздің сап-сау баламызды қолдан науқас қылғандар жазасыз қала ма? Менің баламның ендігі тағдыры не болмақ? – дейді Жазира Елшібекова.

Тағы бір отбасы балаларының «ерекше» сыныпта оқитынын басқа мектепке ауысуды көздегенде барып білген. Көрші ауылдың мектебі олардың қызын қабылдамай қойған. Отбасының шырқы бұзылып, ата-ана екі жаққа бөлінуге мәжбүр болған.

– Отбасылық жағдаймен көшу керек болды. «Инклюзивті сынып» жоқ деп, менің қызымды көрші ауылдағы мектеп алмай қойды. Кейін мен шу шығарып ем, біздің директор сол мектепке барып, қызымды дайындық сыныбына ауыстырмақ болыпты. Мен бас тарттым. Қызым «бізді басқа балалар мүгедек», дейді деп жылап келетін болды. Бұл не сұмдық? Әріп танып мектепке барған, енді түк білмей қалды. Әріптерді шатастырады. Тыныс белгісін білмейді. Біз балаларымызды қолдан мәңгүрт еткен басшыға қатаң жаза талап етеміз, – дейді Нұржан Мамадалиев.

Балаларының «ерекше» сыныпта оқитынын біле бастағалы, ата-аналар ғаламторды ақтарған. Осыдан кейін ғана балаларын жалған құжатпен мүгедек еткен, деген тоқтамға келеді.

Инклюзивті білім беру дегеніміз – балалардың жынысына, жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу. Мүмкіндігі шектеулі және түрлі кемістігі бар балаларды жалпы білім беретін ортада біріктіріп оқыту.

– Балаларымыз науқас емес. Бірінші сыныпқа әріп танып барды. Дамыту сыныбы дегеніміз қорлау болып шықты. Аман-сау баламызды ақыл-есі кем деген комиссия директормен сыбайлас. Бұл сыныпты ашу үшін жаңа мұғалім мен психолог алды. Сонда екеуінен ақша алу үшін жасалған ғой бұл тірлік. Он баланың тағдыры сол параға татиды ма? – деген сан сауал қояды, Меруерт Жұмағұлова.

Ата-аналардың талабымен психологиялық, медициналық және педагогикалық комиссиясы қаңтар айында балаларды тағы тексереді. Ең қызығы, дәл сол комиссия он баланың барлығына тағы да бірдей қорытынды береді. Балалардың барлығы дін аман және жалпы орта білім алуға қауқарлы екені анықталған.

Бұл жерде былықтың бары анық

Ата-ананың жанына батқан тағы бір жайт бар. Оқушылар жарты жыл бойы еңбек сыныбында білім алып келген. Темір қондырғылар мен құрал-сайманға толы бөлмеде электр сымдары ашық-шашық тұрған. Жұпыны қашқан сыныпта жөні дұрыс, бүтін парта жоқ. Бірақ бұл мектеп басшысын қатты мазаламаған сыңайлы.

Директор мен оның орынбасары ата-аналарды суық қарсы алды. Тұрпайы мінез көрсеткен басшы «инклюзивті сынып» өздерінің өтініші бойынша ашылғанын естеріне салды. Бұған таң қалған ауыл азаматтары ашуға мініп директормен дауласты. Сыныптың биылдан бастап жабылғанын жеткізген басшы, жақын күндері оқушылардың «инклюзивті сыныпта» оқығандығы жайлы ақпаратты ұлттық дерек қорынан мүлдем жоятын болды. Әбден аузы күйген азаматтар мектеп басшысының сөзіне сенбейді.

Тілшілерге де дөрекі сөйлеп сес көрсеткен білім ошағының директоры өз басшыларының алдында мүлдем өзгеріп шыға келді. Басшы оқу жылының басында ашылған жаңа сынып «инклюзивті» емес, «ықпалдастыру сыныбы» екені айтып, айды аспанға бірақ шығарды. Білдей мектеп директоры шатасыпты-мыс. Жарты жыл адасып жүріпті. Енді сол қатені түзейді екен.

Ата-аналарға арыздарын арқалай келген бастықтың әрекетіне барлығы тағы таңырқады. Қол қойған ақ қағазда бөтен қолмен жазылған ««инклюзивті сыныпқа» алу туралы өтініштері анық жазылған.

ОҚО білім беру басқармасының басшылығы былығы ашылған мектеп директорының тағдырын жақын күнде шешетін болды. Әшкере болған жайтқа қатысты өз зерттеулерін жүргізбек.

Ата-ана айыбын арқалаған психологиялық, медициналық және педагогикалық комиссиясы бұл оқиғадан сытылып шықты. Мекеме бастығының айтуынша, мектеп табалдырығын аттайтын балғындарды тексеру заңды. Тек балалар «ықпалдастыру» сыныбында білім алу керек болған екен. Жырты жыл бойы жөнді білім алмаған оқушыларға ендігі кезекте арнайы түзету-дамыту сыныбы ауадай қажет, деді комиссия бастығы Шарбат Шырынбекова.

ОҚО білім басқармасы басшылығы бұл оқиғаға қатысты барлық тараптардың басын қосты. Тыңдап, бір тоқтамға келуді уәде етті. Басшылық директордың былығын бетке басты.

– Мұндай сынып ашуға не себеп болды? Бағана маған айтқан себебіңізді айтыңыз. Яғни, жаңа сыныпқа келген жаңа адамға жұмыс орнын тауып бердіңіз. Сол үшін қанша әрекет еткенсіз. Бұл жерде былықтың бары анық. Жоспарлы түрде жасалған іс. Мектептегі жиырма баланың жартысын кемсітіп қойып, арнайы сыныпта оқу қажет деген не сұмдық? Бұл мәселені толық анықтаймыз. Тексереміз. Кемшілік өте көп, – деді ОҚО білім басқармасы бастығының орынбасары Раушан Ергешова.

Кездесу барысында кінәлі азаматтарға шара қолдану жөнінде жергілікті әкімшілікке ұсыныс жолданатыны айтылды. Былыққа батқан мектеп бастығының тағдырына қатысты шешім қабылдап, оны жариялайтындарын жеткізген еді. Әзірге нақты жауап жоқ. Бұл жайт басқармадағылардың өзін тығырыққа тірегендей. Өңірде инклюзивті білім алатын талай білім ошағы бар.

Айта кететін тағы бір жайт, дауға қалған директор мырза өткен жылы ауысып келген көрші ауылдағы мектепте де дәл осындай «инклюзивті сынып» ашып кеткен. Бүгінде ата-аналар тарапынан туған наразылық ол жақта да өрши түскен.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз