Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай өтетіні туралы айтты.
— Біз белгіленген мерзімде өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Маусымның соңы мен шілденің басы. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде. Келесі аптада сейсенбі күні аппараттық кеңесте біз бұл мәселені қарап, осы жылы қалай өткізілетіндігі туралы толық айтатын боламыз. Әрине, ең алдымен біз санитарлық талаптар мен ҰБТ өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейту туралы айтамыз, — деген министрдің сөзін «Қазақпарат» хабарлады.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталатын болады.
— Біз қазір бұл әуежайлардағыдай болады деп жоспарлап отырмыз, онда балалар арасындағы қашықтыққа нақты шектеу қойылады және анық сызылады. Әлеуметтік қашықтық мәселесі аудиторияда тапсыратын адамдардың санын кем дегенде 2-3 есеге қысқартуды көздейміз. ( … ) Бетперделер, респираторлар алып жүруге міндетті. Ауаны зарарсыздандыратын желдету жүйесіне қатысты мәселе де бар. Біз қазір осы шаруалармен айналысудамыз. Биылғы жылы құжаттарды тек электронды түрде тапсырады. 131 мың бала құжат тапсырды, — деп түйіндеді БҒМ басшысы.