Бес ай бұрын жоғалып кеткен кәмелетке толмаған қыз Алматыдан табылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысының ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қыздың із-түссіз кеткені туралы оның 53 жастағы анасы 2017 жылдың тамызында Талғар АІІБ-ге арыз жазған. Аудандық полиция қызметі бірден іздеу жұмыстарына кірісті.
“16 жастағы қыз анасымен бірге Қырғызстаннан келіп, Еңбекшіқазақ ауданына тіркеуге тұрған, алайда, іс жүзінде ол мекенжай бойынша тұрмаған. Қазақстанда оның танысы, құрбысы да болмағаны іздеу жұмыстарын қиындатты.
Қыз Алматыдағы әпкесіне қашып кеткені анықталды.
Әпкесі қызды аяған соң жасырғанын айтады. Қыздың сөзінше, ол үйде анасымен үнемі жанжалдасып қалады екен”, – дейді ІІД өкілдері.
Полицейлердің мәліметінше, қыз бала үйінен бірнеше рет қашқан. Осыған байланысты ювеналды полиция үйден қашудың себептері мен жағдайын анықтаумен айналысып жатыр.
“Сонымен бірге, жасөспірім біздің елге келгеннен кейін мектепке бармаған, осыған байланысты білім органдарына хабар берілді. Қазіргі таңда қыз үйіне, анасына жеткізілді”, – дейді полицейлер.