Елімізде жол ережесін сақтамаған жаяу жүргіншілер енді жаза арқалайды. Ережені жиі елемегендер айыппұл төлейді. Жол апаты мен материалдық шығынға себепкер болса, тіпті қамалуы да мүмкін.
Енді тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілердің жауапкершілігіне ерекше ден қоймақ. Көлік алдынан немесе кез келген жерден көлденең кесіп кедергі келтіргенге жаза бар. Алайда екінің бірі оны ескермейді.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабына сәйкес, егер бірінші рет әкімшілік жауапқа тартылған тұлға болса, бапқа сай 2 АЕК айыппұл салынады. Егер сол құқықбұзушылықты тағы қайталаса, 615-баптың 3-ші тармағына сәйкес 10 АЕК әкімшілік айыппұл салынады», – деді Тараз қалалық патрульдік полиция батальонының командирі Ержан Мананбаев.
Өткелсіз жерден өтіп, белгі жоқ жерде жүргендер 7 мың теңгеден бастап 37 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Тағы қайталанса, айыппұл екі еселенеді немесе 3 тәулікке қамалады.