Бекболат Тілеухан соңғы кездері қатты сыналып жүр. Әсіресе, әлеуметтік желілер тым артық кетті.
Ол да адам. Шымбайына батады. Қайтсін.
Журналист Азамат Битан елден ерекшеленіп, Бекболат Тілеухан туралы оң пікір айтыпты. Оқыдық. Ойландық. Журналист сөзінің соңын жұтып қойғандай. Кейбір айтайын деген ойларын іркіп қалған. Дегенмен солардың ішінде
“халықты тобырға теңеген, Тілеуханды осы тобырдан биік тұрдыға балаған” түйін сөзі қызықтырды.
Мұнымен не айтқысы келді екен (жазба журналистің әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды)?
Журналистің пікірінше, адам баласы көз ашқалы жаман қасиетке үйір екен. Бұл дерттен қазақ та қашып құтылмапты.
“Әлеуметтік желі сұранысқа ие болғалы бері, әлгі дерт онан сайын үдей түсті. Меңзеп отырғаным – көпке жағыну, артынан соқыр еру, даусы сәл қатты шыққанның ығына жығыла кету. Мейлі еркек, мейлі әйел, айтқанына үздіксіз бас шұлғып, істегенін қайталау…
Осы жерден тобыр деген сөз келіп шығады. Бақылап қарасақ, бұлардан асқан пайдаңа жарайтын құрал жоқ. Қолдарына шырпы ұстатсаң, жетіп жатыр. Мұндайда “Отқа ұшар көбелек, қарамай, сорлы, алды-артын” деген Мағжанның шығармасы еріксіз тіл ұшына оралады… “Ойына кіріп шықпайды, күйдірер деп от жалын”.
Тобыр бір кемшілігіңді көрсе, жүз жақсылығыңды ұмытып, жер аударып жіберуге бар. Әттең, тек қолдарында закон қуаты жоқ. Дәл осылар жиылып тас атуға құмар, соттауға құмар, дұрысты теріске шығаруға шебер. Бірақ, білесіз бе, тәртіпке шыдамсыз. Бұрылып қарасаң, шырылдап қоя береді. Жұдырық тұрмақ, шапалаққа шыдамайды…” дейді ол.
Журналистің пікірінше, тобырлық сананың, тобырлық мәдениеттің ұшпаққа шыққан кезі жоқ. Тобыр ас үйде де тобыр. Аузынан боқтық шығып жатса да қолын жоғары-төмен сермеп тұра беретін ессіз тыңдармандардан еш айырмасы жоқ екен.
“Бекболат аға! “Сократқа у ішкізген, Ионна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ” деп жазып қалдырған Абайды да сабаған осы көп еді ғой. Абай шыдаған таяққа жазықсыз атылып кеткен Әлихан да, Ахмет те, Міржақып та (Өңкей Жапонның тыңшылары дегендер) шыдаған. Оларды саусақ шошайтып, көрсетіп берген де осы көп еді. Абай шыдаған таяққа Мұхтар да (бұл қалай репрессиядан аман қалды, түбі қуыс-ау деген), оның шәкірті Әбіш те (Елбасының қолын сүйді деп бүкіл шығармаларын теріске шығарған) шыдап өткен. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да Олжас та (Сүлейменов көкемді айтам), сіз де шыдайсыз. Сіздер тұрмақ, бала Жамбылға сес көрсетіп, “бұдан сарай ақынын қалыптастырмақшы, өлең жазуын тоқтатсын” деп, жұмсақ жүрекке запыранын шашып отырған әлеуметтік желінің аса белсенді қауымына не айтуға келеді?!” – дейді ол.
Битан есептеп шығыпты. Елімізде Фейсбукке тіркелген қауымның саны 300 мыңнан асып жығылады екен.
“Ал әлгіндей далаға қарап ұлып отырғандардың саны ары кетсе, 5-6 мың қорқау. “Халық бұрынғыдай қараңғы емес” деп жүрген халықтан садаға кетсін. Жә, он мың деп жазалық. Алайда сіздің өнеріңізді бағалайтын, ұстанымыңызды құрметтейтін, жүзіңізді сағынатын, сөзіңізге ұйитын халықтың саны мың-миллион екенін бір сәтке де есіңізден шығармағайсыз” дейді ол бұл ретте.
Сөзінің соңын журналист былай түйіндеді. Оның ойынша, тобыр да ешқашан тура сөзге тоқтап, нақылды керек еткен емес, етпейді де.
“Олай болса, бірлі жарым әнші-сазгер, бірлі жарым шенеунік, бірлі жарым ғалым, бірлі жарым журналист, бірлі жарым философ-жазушының қызғаныш пен көреалмастықтан туған арыз-айқайын көңіліңізге алмағайсыз” деп қорытындылапты Азамат Битан.