Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Бейбітшілік қаласы: қазақ жері бірлігі жарасқан ұлттар өлкесі

298

Астана – жасампаз өмір жастар қаласы, ілім-білім ордасы, құрыш білек құрылысшылар қонысы.

Бірлігі жарасқан түрлі ұлт өкілдерінің өлкесі.

Бейбітшіл елдің тілегін алыс-алыс мұхиттардың ар жағына алып ұшқан ақ қанатты арман қала, арман-сезім бүр жарған қала. Астанаға ат басын тірей қалсаңыз алғадайлап алдыңыздан ақ мұнара күмбез «Бәйтерек», Президенттің Ақ ордасы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Республикалық телерадио кешені, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Хазірет Сұлтан» және «Нұр-Астана» мешіттері секілді тағысын тағылары мен мұндалайды. 197 метр биіктікке бой түзеген «Бәйтерек» отанымыздың омырау жұлдызы, қайта өрлеп-өркендеуіміздің, мемлекеттігіміздің, кең де кемеңгерлігіміздің кескін-келбеті! Келбеті күнмен жарасқан жаңа қала, жас қала Астана төрінде тұғыр тепкен «Ла Скала» іспетті «Астана Опера» театры, Қазақстан халықтарының ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, Бейбітшілік және келісім сарайының өзі-ақ Алты Алаштың айдарынан жел естіріп, айбарын асырып тұр емес пе?!

«Бейбітшілік қаласы» мәртебесін иемденген Астанада ЕҚЫҰ саммиті, Азия олимпиада ойындары, әлем халықтарының дәстүрлі діндер съезі, төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтардың басын қосқан құрылтай жиылыстар, ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесі өтті.

Қазақ Хандығының 550 жылдық айтулы мерекесі Астана төрінен бастау алып, Ұлы даланың ұлан көгінде жалғасын тапты. Айбарлы да айдарлы Астана жайында айта түссек, тілге тиек, ойға көрік берер аңыз әңгіме көп. Астана маңының мидай жазығында қарлығаш көңіл қанатымен су сепкен елдің мұрат-мүддесімен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен қарағай-қайыңды, аршалы да шыршалы жасыл орман желек жаюда. Сол орманды аймақта құс сайрасып, сарыарқа сахарамыздың салтанатты, саумал, сәуегей-сәулелі таңы ата бастады, шүкір.

Атқан таңың арайлана берсін, Алаш елім, Астана шаһарым!

Күлжәмила БЕЛЖАНОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз