Филиппин елінде №1 адам саналатын даңқты боксшы, былтыр Флойд Мэйвезермен «ғасыр төбелесін» өткізген Мэнни Пакьяоны кезінде қазақ боксшысы Серікжан Ешмағамбетов сұлатып тастаған.
2003 жылдың наурыз айында Мэнни Пакьяо қазақтың кәсіпқой боксшысы Серікжан Ешмағамбетовпен кездескен еді.
4-ші раундтың басында алма-кезек соққы алмасу кезінде Ешмағамбетовтің соққысы дәл тиіп, Пакьяо құлап қалған. Сондағы комментаторлардың қалай шошығаны мына видеода сақталған екен.
Бірақ бұл кездесуде төрешілердің шешімімен Пакьяо жеңімпаз деп танылды. Қазақ боксшысы 5-ші раундта соққы алып, нокдаунға түскен. Ол орнынан тез тұрып, ұрысты қайта жалғастырғанда Пакьяо соққыларын жаудыртады. Ешмағамбетов артқа қашып, арқанға тірелгенде төрешілер кездесуді тоқтатқан екен. Әрине, Ешмағамбетов бұл шешіммен келіспеген.