Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
9
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

“Басына бас”. Қазақстанға келген Татарстан президенті электромобиль мініп қайтты

136

Қазақстанда осымен 13-рет думандатылып отырған республикалық шараға Татарстан президенті Рүстам Миннихановтың өзі бастаған арнайы делегаттар келді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп қатысқан татарлар да орта толтырды.

Биыл бұл тойдың Тобыл өңірінде өткізілуі мәдени-рухани ғана емес, Татарстан мен Қостанай облысы арасындағы экономикалық қатынастың нығаюына себепкер болады.

Бұл туралы бас мейман Рүстам Миннихановпен кездесу өткізген өңір басшысы Архимед Мұхамбетов атап өтті. Дөңгелек үстел басындағы кең ауқымды отырыста бауырлас елдің өкілдеріне, көршілес облыстардағы диаспора мүшелеріне сөз берілді. Олар қатысушыларға құттықтау лебіздерін жолдап, аталмыш шараның мән-маңызына тоқталды.

Мұнан соң Минниханов ат басын “Агромаш Холдинг” АҚ-қа бұрды. Ол жерде зауыттың тыныс-тіршілігімен, көлік құрастыру алаңының жұмысымен, бірегей өнімдерімен жан-жақты танысты. Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қойылған электромобильдің тізгініне отырып, токпен жүретін көлікті сынап көрді.

Жақсы бағасын беріп, таңданған Татарстан басшына тосынсый жасалды. Компания басшылығы құрметті мейманға бір электромобильді тарту етті.

Мереке ауылы Тобыл жағалауындағы “Тәуелсіздіктің 25 жылдығы” саябағы маңына орналастырылыпты. Оң жақ беті – қаз-қатар киіз үйлер. Оларды облысқа қарасты барлық аудандар әкеліп тіккен. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, тұрмыс-тіршілігі, ырым-жоралғылары мен ойын-сауығы осы маңнан көрініс табады. Ақ үйлерді аулалай өткен облыс әкімі мен Татарстан басшысы ашық аспан астындағы басты сахнаны бетке алды. Бұл жерде бауырлас елдің әні мен биі той көрігін қыздырып жатты. Көрермендер қарасы қалың, ине шаншар жер жоқ.

Жалпыхалықтық мейрамға бергісіз десе де болатындай. Оны құттықтау лебізін айтуға ел алдына шыққан қос басшы да сөздеріне өзек етті. Татарстаннан келген өнерпаздар көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынды. Ал сахнаның сол жақ бетіне татар ауылы қоныс тепкен. Ауылды аралай жүріп, олардың ұлттық тағамдары, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тынысынан мәлімет алуға болады. Бағанаға өрмелеу, бөрене үстімен жүру тәрізді ойындардан да жарыс өтуде.

Ең айтулысы – “Куреш” бәсекесі болды. Татарстан басшысы жүлдеге “Лада” жеңіл көлігін тіккен болатын. Ол Шымкенттен келген білекті жігітке бұйырды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз