Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Басы жанып жатты…”. Шымкент тұрғыны жарылыс кезінде бала-шағасын қалай құтқарғанын айтты

Үйі жарылып, келіншегі мен қызын күйік шалған Қуаныш Сиқымбаев не істерін білмей абдырап жүр. Таңертең өзі жұмысқа, ал бірінші сыныпта оқитын қызын мектепке апару үшін үйден шыға бере тарс еткен дыбысты естіп, артынша толқынмен ұшып түсіпті.

Өзінің де қолы күйген. Ал тұрғызылғанына 4 жыл болған үйі қирап қалды.

«Жарылыс болып, мен құлап түстім жерге. Үйден әйелім шығып келе жатыр жанып, құлатып ап оны өшірдім. Оның артынан қызым басы жанып келе жатыр.

Құлатып оны өшірдім. Сол болғаны, ештеңе түсінген жоқпыз. Кішкентай балам бар еді, ол әйтеуір көрпенің астында аман қалды, ештеңе қылмаған Құдай сақтап»,-дейді Шымкент қаласының тұрғыны Қуаныш Сиқымбаев.

Күйік шалған 30 жастағы әйел мен 6 жасар қыздың жағдайы тым ауыр. Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Екі түрлі ауруханада жатқан олардың өмірі үшін дәрігерлер арпалысуда. Әсіресе, әйелдің денесінің жартысы күйіп қалған.

«Түскен кездегі жағдайы өте ауыр. Күйік шалуына байланысты қойылған диагнозы бойынша термиялық күю от-жалынмен 2-ші және 3-ші дәрежелі. Дененің 53 пайызын күйік шалған.

Жағдайының ауырлығына байланысты қазіргі таңда жансақтау бөлімінде ем қабылдауда»,-дейді ОҚО жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығы күйік бөлімшесінің меңгерушісі Мұхит Досыбаев.

Бірер жыл бұрын ғана Шымкенттің құрамына енген Тассай ауылы табиғи газды талай жылдан бері күткен еді. Бірақ сол арман болған көгілдір отын бақтан гөрі сор боп тұр.

Тассай ауылының бұл учаскесіне көгілдір отын биыл ғана жүргізіліпті. Және абоненттердің бірі сол газ құбырына заңсыз қосылмақшы болған көрінеді.

Яғни жер астындағы құбырды тесіп, өз үйіне жүргізген кезде құбырда жарық пайда болып, сызаттан сыздықтап жиналған газ жарылып, ақыры көрші үйдің шаңырағын шайқалтты.

Осы жағдайдан кейін газ шаруашылығындағылар бүкіл көшені көгілдір отыннан ажыратып тастады.

Ал үйі жарамсыз болып қалған Қуаныш Сиқымбаев жарылыстан аман қалған ұлымен бірге туыстарының үйін паналап жүр. Қазір төтенше жағдай мамандары мен полицейлер осы оқиғаға қатысты тексеру жұмыстарын бастап кетті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз