Бүгін Парламент Мәжілісінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов адамды ұстау уақытын 72-ден 48 сағатқа дейін қысқарту ұсынысын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Күдіктіні санкциясыз ұстау уақытына тоқталсақ, Конституция оның жоғары шегін бекіткен. Өздеріңіз білесіздер, ол 72 сағат. Оны біз 48 сағатқа дейін қысқартуға ұсыныс жасап отырмыз. Ал кәмелетке толмағандар үшін 24 сағатқа дейін қысқарту қарастырылған. Мұндай ұсыныс неден туып отыр дейсіздер ғой?
Ең бастысы,
бұл – адамның құқы. Әрине, 48 сағат – ол халықаралық стандарт.
Барлық дамыған елдерде осы мерзім көрсетілген. Бізде де оған ұмтылуымыз керек», – деді М. Ахметжанов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Оның сөзіне қарағанда, прокурорлардың сараптамасына сәйкес, нағыз шағымдар мен арыздар, заң бұзушылық, адам құқын қорғауға кедергі жасаған мәселе адамды ұстау кезеңіне қатысты болып отыр.
«Сондықтан
осы жерде оларды қинап, жауап алып мойындатуға және басқа да әрекеттер болуы мүмкін.
Осы саланы одан әрі жетілдіріп, мерзімін қысқартып, прокуратура қадағалауын күшейту талабы қойылып отыр. Бірақ 72 сағат мерзімі мынандай күрделі істер үшін қалады: біріншіден, ол аса ауыр қылмыстар, терроризм немесе экстремизм, жаппай тәртіпсіздік, қылмыстық топтармен қылмыс жасалса, заңсыз есірткі айналымы, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар, адам өліміне әкелген қасақана іс-әрекеттер бойынша.
Сонымен қатар, жер шалғай болғанда немесе төтенше жағдайларда адамды уақытында сотқа жеткізу мүмкіндігі болмаса», – деп түсіндірді Марат Ахметжанов.