Нұр-Сұлтан
Қазір
-8
Ертең
-14
USD
525
+13.36
EUR
552
+11.86
RUB
4.93
+0.20

Бас мүфти қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады

Құрбан айт – күллі мұсылман үмбетінің екі ұлық мерекесінің бірі. Біздің халқымыз бұл мейрамды сан ғасырдан бері ерекше қадірлеп, айрықша атап өткен. Айтулы мейрамда ағайын-жұрт бір-біріне “құрбан айт құтты болсын, айт қабыл болсын” айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Көрші мен туысқанға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз.

Аллаға шүкір, салтынан жаңылмаған жұртымыз тәуелсіздік жылдарында айтты тойлау дәстүрін қайта жаңғыртып, оны халықтық деңгейде атап өтуге мүмкіндік алды. Елбасының игі бастамасымен елімізде құрбан айттың құрметіне демалыс жарияланып, бұл мейрам барша ұлт пен ұлысты бірлік пен ізгілікке үндейтін халықтық мерекеге айналды. Әсілінде “Құрбан” сөзі “жақын болу”, “жақындау” деген ұғымдарды білдіреді.

Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Өйткені, қасиетті Құранда Хақ Тағала: “Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің):” (“Хаж” сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.

Жағдайы бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал мүмкіндігі жоқ адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Бұл қасиетті күнде мүмкіндігі жоқ, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын беріп, оларға қуаныш сыйлау – сауапты іс. Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой, ешкі шалынады. Бір қошқар немесе қой бір кісі атынан шалынады. Ал қара мал немесе түйені жеті кісі бірігіп, құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малын айт намазынан кейін айттың үшінші күні кеш батқанға дейін шалуға болады. Құрбандық еті ағайын-туысқа, көршіге, тұрмысы төмен отбасыларына таратылады. Айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – мұсылмандық міндет. Айт намазына әдемі, таза киіммен барған абзал”, – делінген Бас мүфтидің құттықтауында.

© muftyat.kz Құрбан айт – кешірім мен мейірімнің, қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі. Айттың құрметіне ізгілік пен кеңшіліктің жолын ұстанып, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасап, қамкөңіл жандарға сыйлық берудің сауабы мол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз