Қызылордада сүйген қызын пәтерге алдап апарып, зорлық көрсетіп, кейін сол сәттің видеосын таратамын деп қоқан-лоққы жасаған жігітке қатысты тергеу амалдары басталды.
Астана телеарнасының мәліметінше, қызылордалық бойжеткен «сүйіктімнен зәбір көрдім» дейді. Айтуынша, оны жігіті алдап үйіне шақырып, қорқытып, зорлық көрсеткен. Артынша жаздым-жаңылдым деп кешірім сұрапты. Бірақ уақыт өте келе түсіріп алған видеоны таратамын деп, қоқан-лоққы жасаған көрінеді.
«Қинап, мені балтамен қорқытып, шығайын десем шыға алмаймын. Мен жүрмеймін сенімен дегенімде мені ұра бастады», – дейді жәбірленуші бойжеткен.
Ал жәбірленуші қыздың анасы жігіттің жазасын алуын талап етіп отыр. Полиция департаменті бұл жағдайды растады. Тергеу амалдары басталған.
«Қылмыстық іс бойынша жан-жақты және объективті түрде тергеп-тексеру жүргізілуде. Нәтижесімен заңды шешім қабылданады. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талабына сай қылмыстық іс жүргізілу барысы тергеу құпиялығына байланысты жарияланбайтынын хабарлаймыз», – делінген Қызылорда облыстық ПД хабарламасында.