Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-2
USD
450
+0.72
EUR
490
+1.14
RUB
4.89
+0.01

Балқаштың бүгінгі тынысы

1257

Биыл «Kazakhmys Smelting» ЖШС-і кемінде 4 млрд доллардың инвестициясы салынатын модернизация мен дамудың аса үлкен, жаңа стратегиясын әзірледі. Ол директорлар кеңесі тарапынан мақұлданып, жүзеге аса бастады.

Рудалық-термопеш технологиясымен мыс балқытатын Жезқазған зауытында бір үлкен мәселе бар еді. 2009-шы жылы түрлі себептерге байланысты ол жердегі 1 пештің жұмысы тоқтатылған болатын. Зауыт өз өндірістік қуатының жартысын ғана пайдаланып келген. Енді жаңа стратегияның аясында биыл жыл соңында, Тәуелсіздік күніне орай 16 желтоқсанда консервацияда болған пеш іске қосылмақ.

«Өйткені қазір жағдай өзгерді. Ол кездері шикізат жетіспеушілігі байқалса, қазір біз «Казминералз» компаниясымен  бірлесе жұмыс істеп, шикізаттың жеткілікті болатынына көз жеткіздік. Жезқазғанда тоқтап тұрған  пеш іске қосылғанда зауыт 70-ші жылдардың басындағыдай өзінің толық өндірістік қуатына қайта шығады», дейді «Kazakhmys Smelting» ЖШС-інің бас директоры Әділет Бәрменқұлов.

Әділет Бәрменқұлов

Зауыттарды модернизациялау жоспарына сай, 2022 жылға қарай «Kazakhmys Smelting» ЖШС мыс өндірісінің көлемін екі есеге жуық етіп, кем дегенде жылына 500 мың тонна өнім шығаратын деңгейге жетуді жоспарлап отыр екен. Жезқазған зауыты қазіргі 1,5 мың жұмысшыға қоса жаңадан тағы 550 адамды жұмысқа қабылдайды.

Балқаштағы мыс балқыту зауыты сұйық ваннадағы Ванюков пеші технологиясымен мыс өндіреді. Қазір зауытты жаңарту бағдарламасы жүріп жатыр. Үш кезеңнен тұратын бағдарлама аясында мұндағы Ванюков пештеріне үлкен реконструкция жасалып, жаңа технологиялар енгізіледі. Оның ішінде өнімділік пен өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған өндірістік үрдістерді автоматтандыруға да баса мән берілмек.

Өйткені мұнда әлі күнге дейін баяғы 60-шы жылдардағыдай көп ауыр жұмыстың қолмен атқарылатынына өзіміз де көз жеткіздік.

Экология деген үлкен мәселе бар. Алдағы үш жылда экологиялық бағдарлама аясында Балқаштағы күкірт-қышқыл цехы ұлғайтылып, Жезқазғанда жаңа күкірт-қышқылды цехын салу жоспарда, ауаға күкірт диоксидін бөлу мөлшері 1,5 есеге азаяды.  Қазір  бір  пешпен ауаға жылына 30 мың тонна күкірт диоксидін бөліп отырған Жезқазғандағы зауыт та күкірт-қышқылды цехы салынғаннан кейін күрт өзгермек:  екі пеш түгел іске қосылғанда да оның ауаға бөлетін күкірт диоксиді жылына 20 мың тоннаға жетпейтін деңгейде болады деп жоспарлануда. Бұл өте жақсы норма. Балқаш зауыты бойынша да экологиялық нормалар айтарлықтай жақсарып келеді.

Қала тынысы

Былтыр ғана  аймақ жұртшылығы қаланың 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Биыл – Балқаш мыс қорыту зауытында алғашқы тазартылмаған мыстың алынғанына 80 жыл толып отыр. Бұл мерекені тойлаудан қала тұрғындары тыс қалмақ емес, өйткені мұнда әр отбасынан кемінде бір адам мыс зауытында жұмыс істейді, не кезінде жұмыс істеген.

— Біздің бүкіл өміріміз зауытпен байланысты, дейді бірауыздан қала тұрғындары. – Мыс зауытына қатысы жоқ адам кемде кем. Кәсіпорын халықты асырап отыр. Жұмыс береді, айлық төлейді. Бала-шағаны өсіруге, оқытып-жеткізуге мүмкіндік беріп отыр ғой. Сол себепті Балқаштағы кез-келген мереке – мұндағы барша халық үшін ортақ мереке, дейді біз кездестірген жұрт.

Айтпақшы, «Kazakhmys Smelting» компаниясының басшылығы былтырдан бастап «Халық театры» деген халықа жақын керемет жобаны қолға алған екен. Оған тек мыс зауытының қызметкерлері ғана қатысады. Актер ретінде сахнаға шығып, неше-түрлі костюм тіктіріп, түрлі қойылымдарға жарыса қатысатын зауыт қызметкерлерінің өнерін қала тұрғындары сүйсініп көретін болған. Ал биыл мерейтой аясында зауыт қызметкерлерінің арасында «Smelting Дауысы» атты ауқымды байқау өткізу қолға алынған екен. Ол да қаланың күнделікті күйбең тіршілігін жадырата түсетін, жас пен кәріге дейін қызыға баратын мәдени шара ретінде ұйымдастырылған.

– Қалаға мәдени шаралар ауадай қажет. Бұл жағынан Қазақмыс Смэлтинг басшыларына үлкен рахмет. Мұндай әлеуметтік жобалар қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруі тиіс,- дейді қала әкімі Александр Аглиуллин.

– Өздеріңіз білетіндей, осы «Қазақмыс», «Арселор Миттал» сияқты компаниялар біздің Қарағанды облысымыздың негізгі доноры болып табылады. Қала тұтастай осы ірі кәсіпорындар төлейтін салықтарға тәуелді. Халықтың негізгі табысы да осы кәсіпорындармен байланысты, – дейді ол.

Балқаш қаласының жылдық бюджеті 9 млрд теңге босла, оның кем дегенде тең жартысы «Kazakhmys компанияларынан  түсетін салық.

— Қала бюджетінің 55 пайызы әлеуметтік мұқтаждықтарға жұмсалады. Жалақы бар, түрлі әлеуметтік төлемдер бар. Қалған 45 пайызы қаланың дамуына бағытталады: инженерлік желілер, көшелер, аулалар мен парктерді жөндеу мен безендіруге жұмсалады,- деп қосады қала әкімі Александр Аглиуллин.

Қала құраушы кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі тек салық төлеу мен мәдени шаралар ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Әкімнің айтуынша, компания басшылығы қаланың әлеуметтік саласын назардан тыс қалдырған емес: олар жыл сайын Ұлы отан соғысының ардагерлері, тұрмысы төмен отбасылар мен қарапайым балқаштықтардың балаларына көмек көрсетеді.

Жер барақтар Балқашқа қалай айналды?

Балқаштың алғашқы мысын алған аңыз-металлургтерді көзімен көрген көнекөз ақсақал Хамза Тынышбаев әлі де ширақ екен.

— Мен Балқашқа 1960 жылдың 2 қыркүйегінде келдім, – деп бастады ұзын-сонар естелігін қаланың көнекөз тұрғыны, КСРО-ның құрметті металлургі, бар ғұмырын мыс балқыту зауытына арнаған Хамза атамыз.

– Қазіргі Балқаш мыс зауытының алғашқы мысы 1938 жылдың 24-ші қарашасында өндірілді. Ол металлургтерді көзіммен көрдім, олармен бірге бір цехта тізе қосып жұмыс істедім,- дейді ол.

Хамза Серікбайұлы бұл өңірдің тарихын былайша жеткізді:

— Ол кезде әлі жас совет республикасы еді. 1925-ші жылы индустрияландыру жөнінде шешім қабылданды. Өзі сол жылдары Қазақстан бойынша 90 өндірістік нысанның құрылысы басталған. 1928 жылы мына біздің Коунрад кенішіне атақты геолог Русаков деген келіп, кенішті барлауды бастады. 1929 жылы бұрғылау мен жару жұмыстары жүргізілді. Сол жылдары Еңбек және қорғаныс кеңесі түрлі-түсті металлургияны дамыту жоспарын алға қойған қаулы қабылдады. Балқаштың мыс зауыты сол қаулыға ілікті.

Мыс зауыты басында жылына небәрі 150 мың тонна мыс шығарады деп жобаланған. Ал 30-шы жылдары құрылған «Прибалхашстрой» ұйымы комбинат құрылысын бастады. Ең алдымен байыту фабрикалары салынды. Ол комбинаттың ең алғашқы мысы 1931-ші жылы алынды. Сонымен бірге Балқашта мыс зауытының құрылысы басталды, зауытты жобалауға бүкіл кеңес одағынан 25 ғылыми-зерттеу институты атсалысқан.

Ол кездері қазіргідей асфальт жолдар жоқ. Зауытқа қажетті алғашқы жабдықтарды ат-арбамен тасыды. Қазіргі «Қарағанды – Мойынты» теміржол бағыты да сол болашақ зауыттың жабдықтарын жеткізу үшін салынған. Ал 1938-ші жылдың 24-ші қарашасында Балқашта алғашқы қара мыс өндірілді.

Алғаш келгенімде Балқаш қала тұрмақ, ауылға да әрең ұқсайтын. Кейбіреулер жөртөлелер мен кәдімгі барақтарда тұратын. 1960 жылы мыс өндірісі күрт өсіп, Балқашқа КСРО министрлер кеңесінің төрағасы Алексей Косыгин келді. Сол кісінің ықпалымен Балқаштағы халықты барақтардан көшіріп, жайлы пәтерлер құрылысын бастау жөнінде үкіметтік шешім шыққан.

Мен Балқашқа сол жылдары отбасылы жас маман ретінде, екі айлық қызым мен әйелімді ертіп келдім. Маған бір аптаның ішінде 11 шаршы метрлік бөлме берді. Ал жарты жылдан кейін бір бөлмелі пәтер алдым. Сол кездері қала құрылысы өте қарқынды жүріп жатты. Жаңағы жертөлелер мен барақтарда тұрып жатқан халықты пәтерлерге көшірді. Мәдениет сарайы, балабақшалар мен мектептер салына бастады. Қысқасы, бұл қала зауытпен бірге дамыды, әлі де дамып келеді. Зауыттың табысты болғаны қалаға да табыс әперуде. Осы мыстың арқасында қазіргі баяғы барақтар он жылдың ішінде Балқаштай ірі қалаға айналды, дейді Хамза Тынышбаев.

Айтпақшы, Хамза ақсақал Балқаштың тарихы туралы егжей-тегжейлі кітап жазғанын, тіпті оның әне-міне баспадан шығып, жарық көргелі отырғанын да айтып өтті.

Зауытқа жастар келуде

Тазартылған мыс шығару оңай жұмыс емес: мыс құрамды кен  байыту, күйдіру, балқыту, конвертерде үрлеу және электролиздің көмегімен тазартудан тұрады.

— Мен зауытта 30жыл бойы жұмыс істеп келемін, дейді шихта (үгітілген мыс құрамды рудалар) дайындау цехының бастығы Жанат Иманбеков.

 – Өндірістің денсаулыққа зияндығына қарамастан, жастардың көпшілігі осында жұмысқа орналасуды армандайды,- дейді ол.

Шынымен де зауытта қазір жастар көбейіп келеді. Цехтар мен бөлім бастықтары шетінен жас, іскер, сауатты мамандар. Олардың орташа жасы – 32-35 жас. Зауытқа болашағынан үміт күттіретін, білімді жастардың көптеп келіп жатыр.

Балқашта үрім-бұтағымен мыс зауытында жұмыс істеп келе жатқан металлургтер династиялары көп. Солардың бірі Арзымбетовтер әулеті.

– Біздің әулетіміздегі ең алғашқы металлург, менің ағам – Арзымбетов Марат Адамбайұлы. Ол мыс балқыту комбинатында жұмыс істеген. Соған қарап мен де металлург кәсібін таңдадым. Содан бері 40 жыл бойы мыс зауытында еңбек еттім. Металлург ретінде еңбек жолымды 1978 жылы бастадым. Жалпы еңбек өтілім 46 жыл болса, оның 40 жылы осы зауытта өтті. I, II, III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен  марапатталдым. Енді міне, менің балаларым да, немерелерім де зауытта жұмыс істеуде, дейді ардагер металлург Махат Арзымбетов.

Расында да, мұндағы жұмысшылар жұмыстың ауырлығы мен жауапкершілігіне қарамастан таңдаған мамандықтарына өкінбейді. Сегіз сағаттық смена, жоғары жалақы, жыл сайын берілетін тегін демалыс, қызметкерлер мен олардың бала-шағасына арналған қоғамдық ойын-сауық, концерттік шаралар – балқаштық металлургтердің бүгінгі тынысы міне осындай.

Фото: Аркадий Цай

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз