Балқаш қаласында алғаш рет инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде жаңарту жұмыстары басталды. Соңғы екі жыл ішінде 80 шақырымнан астам коммуналдық желілер қайта жаңартылып, негізгі сорғы станциялары мен кәріз жүйесі жөнделді.
«Жылу және су құбыры желілерінің тозуын едәуір азайттық. Бұл өз кезегінде жүйенің сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлар санын төмендетуге мүмкіндік берді», – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Қалада магистральдық және ішкі орамдық желілерді қамтыған 32 шақырым жылу трассасы жөнделді. Биыл бұл көрсеткіш тағы 24 шақырымға ұлғаяды, оның үштен бірі қазірдің өзінде ауыстырылды.
«Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен ескі кәріз коллекторы жөнделіп, 7 шақырымнан астам кәріз желісі жаңартылды. Жылдар бойы жиналған су бұру жүйесіне қатысты мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», – деді қала әкімі.
2023 жылы 17 шақырым электр желісі мен 9 трансформатор жаңартылды. Ал биыл тағы 12 шақырым желі мен 8 трансформатор ауыстырылды.
Инженерлік инфрақұрылым жаңартылған учаскелерде жол жөндеу жұмыстары да қатар жүргізілуде. 10 көшеде 16 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Шілауыз шағынауданында асфальт-бетон жабынының алғашқы қабаты төселіп жатыр.
Коммуникациямен қатар, қалада аулалар абаттандырылып, жаңа аялдамалар орнатылуда. Биыл 11 аула жаңартылып, 94 тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жөнделеді. Қоқыс жинауға арналған жаңа контейнерлер мен арнайы алаңдар орнатылады.
Балқашты көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүруде – 6200-ден астам ағаш отырғызылды. Барлық жасыл желектер автоматты суару жүйесіне қосылған. Мердігер үш жыл бойы көшеттерді күтіп-баптауға кепілдік беріп отыр.
«Қала тұрғындары мен қонақтарына кейбір қолайсыздықтар туындағанын түсінеміз. Бірақ бұл уақытша қиындықтар – жылу мен суға қатысты көпжылдық мәселелерді түбегейлі шешу үшін қажет. Баршаңыздан түсіністік пен шыдамдылық сұраймыз», – деп атап өтті Сапар Сатаев.
Сонымен бірге, қалаға келетін туристер мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ұшу және қону залдары кеңейтіліп, әуежайдың өткізу қабілеті 30%-ға артады деп күтілуде. Ғимараттың тарихи келбеті сақталады.
Теміржол вокзалының ғимараты да жөндеуден өтті. Туризм инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамып келеді – қалалық жағажай мен демалыс аймағы жаңғыртылып жатыр. Сондай-ақ, туристік Торанғалық және Шұбартүбек ауылдарын орталық сумен қамтамасыз ету мақсатында «Балқаш – Торанғалық» магистралды су құбырының құрылысы жүріп жатыр.