Базардан барымды алып, баламмен автобусқа отырдым да, баламның аяғына қарасам, жалаң аяқ отыр!
Бірінші сыныпқа баратын баламның басына шапалақпен сарт еткіздім. «Әй, жаңа ғана базардан сатып әперген туфлиің қайда?!» – деп сұрадым. Сөйтсем, балам автобусқа мінерде аяқ киімін шешіп кірген екен ғой. «Өте мәдениетті», «өте тәртіпті» балам-ай, десеңші!
Өзімді сабырға шақырдым. Қу жоқшылық менің де жағамнан алып жүр. Шиеттей бес баламды мектепке киіндіріп жіберу деген өзімізді тырдай, абыройдан жұрдай етіп бітті. Мектеп формасы деген мектеп директорларын байытып жатыр. Тігіншілермен келісіп қояды бағаларын.
«Бұл менің баламның аяқ киімі еді, автобусқа мінерде шешіп кетіпті», – дедім мен. «Тапқан – тапқандікі, ешкі – баққандікі», – деп тақылдайды баласы. Біздің бала момын, сүмірейіп, жалаң аяқ тұр. Енді мен ашуланып, аяқ киімге ұмтылып едім, анау қатын да қарап тұрмады, екеуміз жұлыса кеттік.
Бір кезде полицей келді. Аяқ киімдері жоқ, жалаң аяқ. Сөйтсек, «көз тимесін»» деп жалаңаяқ жүр екен. Біздің мәселемізді «әділ» шешіп берді. Туфлидің біреуін ғана алып берді. Бірін оның баласы, сыңарын менің балам киетін болды.
О, қу кедейшілік-ай, осыған да жеттік енді! Әне, әне, тағы бір-екі бала әкесінің кең костюмін ортақтасып киіп алып, мектепке бара жатыр. О, Жаратқан ием, сақтай гө-өр!
Мұхтар ШЕРІМ