Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Балалардың басын қатырған «Пони». Мынадай тапсырма көрдіңіз бе?

7978

Бірақ көп жерінде орыс тілінен қалай болса солай аударылған, түк мағынасы жоқ, бір-бірімен байланыспайтын сөз тіркестері. Сондықтан көптеген сұрақтары өте түсініксіз.

Оны бала түгілі біз, үлкендер әрең түсінеміз. Мұндай тесттер не үшін қажет, құрастырушылары кім, қазақ тіліне сауатсыз аударушылар кім, бұл байқауларға қатысудың оқушыға қаншалықты пайдасы бар, ата-аналар не үшін ақша төлейді?

Иә, соңғы жылдары түрлі ақылы байқаулар мен олимпиадалар қаптап кетті. Қарап көрсек еліміздің мектептерінде ондай марафондардың қырыққа жуық түрі бар екен. “Золотое руно”, Ақбота”, “Кенгуру лингвист”, “Табиғат”, “Атамекен”, “Волшебный пластилин”, “Русский медвежонок” деп кете береді. Бұл байқау-ойындарға қатысудың орташа құны 500 теңге, бір туры. Ал тур саны – негізі төртеу. Мұндай интеллектуалдық ойындар, байқау, тестілерді ұйымдастырумен көбіне ҚР Білім және Ғылым министрлігі жанындағы “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы, “Үркер” халықаралық интеллектуалдық орталығы, кейбірімен ресейлік халықаралық олимпиадалар орталықтары айналысады.

Мақсаттары – дарынды оқушыларды анықтау. Мысалы, “Пони” интеллектуалдық марафонының тапсырмалары А 4 түрлі-түсті форматтағы үш бетке басылған, біреуі жауап парағы, екі беті сұрақ парақтары. Мұндай ақылы интеллектуалдық байқаулардың тапсырмаларын отандық жетекші жоғары оқу орындарының оқытушылары, профессор мамандар, жоғары дәрежелі педагогтар әзірлейді екен. Онда, қазақ сыныптарына, әсіресе бастауыш сыныптарға арналған тапсырмаларға неге қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын алмасқа? Онда жоғары дәрежелі педагогтардың ішінен тіліне жаны ашитын адамның табылмағаны ма?

Сауатсыз педагогтердің жазғанын оқыған оқушы өз ана тілін қалай сауатты меңгермек?

Демек, ондағы түсініксіз тапсырмаларды оқушының бір өзі орындауы неғайбыл. Баласымен бірге бүкіл ғаламторды шарлап, ата-анасы да бас қатырады.

– Мұндай олимпиадаларға жылда қатысамыз. Бәрі ақша төлеп қатысып жатқасын, біз де қатыса саламыз. Байқау соңында берілетін сертификаттардың жеті-сегізі жатыр үйде. Олардан келіп кетер пайда жоқ. Мектеп бағдарламасынан болса немесе балалардың тоқсандық бағаларына әсер ететін болса кәні. Ұйымдастырушыларға қосымша ақша табудың жолы бұл, – дейді тағы бір Әдемі есімді ата-ана.

stat.gov.kz сайтындағы мәліметке жүгінсек, Қазақстанда 2016 жылғы оқу жылынан бері 2 млн 785 мыңнан астам оқушы оқиды. Олардың әрқайсысы бір рет болса да осындай интеллектуалды байқауларға қатысты десек, мынандай қызықты сандар шығады. Әр оқушыға орташа 500 теңгеден есептесек, 1 млрд 400 мыңға жуық қомақты қаражат шыға келеді. Ал бұл олимпиадаларға ақша жинағанда ата-аналарға ешкім ешқандай түбіртек бермеген. Салық қызметкерлерінің құлағына алтын сырға.

Сондықтан пайдасы бар-жоғы белгісіз, тапсырмалары түсініксіз осындай түрлі байқауларға қатысу-қатыспау әркімнің жеке шаруасы. Бастысы, сізге ешкімнің зорлық көрсетпейтінін, таңдау еркіндігі өзіңізде екенін түсіну.

Аяжан Төрехан

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз