Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
3
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Бақытжан Сағынтаев қаржыны игере алмай отырған министрлерді сыннның астына алды

123

8 айдың қорытындысы бойынша, ең көп игерілмеген сома – 15,4 миллиард теңге қорғаныс министрлігіне тиесілі. Қорғаныс ведомствосының басшысы болып жуырда ғана тағайындалған Нұрлан Ермекбаев тиісті шаралар қабылданып жатқанын айтты.

“Сіз жаңадан келіп жатырсыз, сондықтан қаржының не себептен игерілмей жатқанын анықтаңыз. Жылдың соңына кеп қалдық”, — деп тапсырды Бақытжан Сағынтаев.

Ал мәдениет және спорт министрлігі 11,1 миллиард теңгені уақытында игермеген.

“Бақытжан Әбдірұлы, бәрі жоспарлы түрде жүріп жатыр”, — деп ақтала бастады министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

“Қалай жоспарлы түрде жүреді? Бұл 8 айдың қорытындысы бойынша игерілмеген ақша. Сонда біз жоспарлы түрде біз игермей отырамыз ба?..Осы сегіз айда 11 миллиардқа қанша мектеп, балабақша, аурухана салуға болады, қанша шақырым жол жөндеуге болады… Жаңа Сұлтанов айтып өтті, игерілмеген ақшаны бюджетті қайта қарау кезінде алып қоямыз. Өкпелемеңіздер”, — деді премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаевтың сынына орынбасары Өмірзақ Шөкеев те ілікті. Шөкеев жетекшілік ететін ауыл шаруашылығы министрлігі 10,9 миллиард теңгені игере алмай отыр.

“Қазір су шаруашылығынан актілер күтіп отырмыз. Актілерге қол қойылса, 5 миллиард теңге бірден төленеді. Содан кейін ғылым жағынан, білім министрлігіне маусым айында өтінім бердік. Екінші өтінім – тамызда. Өтінім 90 күн қаралады екен. Мен қайта-қайта хабарласып, сөйлестім. Мүмкін, тәртіпті өзгерту керек шығар, 90 күнді қалай қысқартамыз?”, — деп сұраққа сұрақпен жауап берді.

“Өмірзақ Естайұлы, сіз үкімет басшысының орынбасарысыз! Министрлерге қарағанда лауазымыңыз жоғары. Тәртібін өзгертесіз бе, басқа шара қолданасыз ба, әйтеуір берілген ақша игерілу керек…Ғылымға деп ақша аласыздар да, сосын ол игерілмей жатады.  Онда не үшін ақша беріледі?”, — деп ашуланды Сағынтаев.

4,5 миллиард теңгені игере алмай отырған ішкі істер министрі де премьерден сөз естіді.

“Бақытжан Әбдірұлы, 4,5 миллиард теңгені қыркүйеккке дейін игереміз”, — деп  сөз бере бастап еді, үкімет басшысы сөзін бөлді.

“Қыркүйектің ішінде отырмыз ғой, қалай қыркүйектің соңына дейін орындайсыз?  Өтірік айтқанда да, дұрыстап айту керек қой”, — деп дауыс көтере сөйледі Сағынтаев.

Бюджет қаржысын уақытында игермеген ақпарат және коммуникациялар министрлігі де премьер-министрдің сынына ілікті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз