ШҚО әкімі Даниал Ахметов премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа елдімекендерді басып жатқан сумен күресуге ақша жетпей жатқанын осылай жеткізді, дейді Tengrinews.kz тілшісі.
“Бәке, бұл Төтенше жағдайлар департаменті. Мотопомпа… нормалар бойынша 112 болуы керек. Бізде екеу ғана, Бәке! Вездеходтар 55 керек, жетпей жатыр. 69 қайық болуы керек еді, бізде тек 14. Кәдімгі мәшинелердің өзі 55 болуы керек, бізде облыста тек тоғыз ғана. Көп нәрсе жетпейді. Суға түсетін гидрокомбинезонға дейін. Мың костюм керек, ал облыста тек 69“, – деді Ахметов үкімет отырысында.
Еске сала кетсек, Шығыс Қазақстан облысында 481 үйді су басқан. Оның 236-сы әлі де су астында тұр. Аягөз ауданында 14 үй құлап, тағы 19 үй әне-міне құлайын деп тұр.