Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Байқоңыр ғарыш айлағының мәртебесі ауыса ма?

310

 «Байқоңыр» ғарыш айлағының мәртебесін әскериден азаматтыққа ауыстыру мәселесіне қатысты ойын ортаға салған Атамқұлов:
– Расымен де қазіргі таңда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әскерилерді толықтай шығару Ресей Федерациясында қарастырылып жатыр. Дегенмен осынау мәселе бойынша нақты қандай да бір екіжақты келіссөздерді жүргізбегенімізді айту кету керекпін. Бірақ, болашақта бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылатын болады», – деді.

Ведомство басшысының атап өткеніндей, ғарыш айлағының мәртебесін азаматтық деңгейге ауыстырудың өзіндік оңтайлы әрі тиімді тұстары жетерлік.

«Неге десеңіздер мұндай жағдайда ашық коммерциялық жобаларды тарту мүмкіндігі ашылады. Өздеріңіз білесіздер бүгінгі таңда коммерциялық сала әлемде айтарлықтай қызығушылық тудырып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда құрылғыларды ұшыруға қажеттілік бар. Өткен жолы айтқанымдай, әлемде 1 000 мыңнан астам спутник ұшыру қызметтерін күтіп тұр», – деді Атамқұлов өз сөзінде.

Ал күні кеше Байқоңыр ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласының іргетасының қаланғанына 63 жыл толуын орай үлкен іс-шаралар өткізілген болатын.

Айта кетелік, Байқоңыр – жиырмаға жуық мерекені атап өтетін әлемдегі аз қалалардың бірі. Бір қызығы, мұндағы халық Қазақстанның да, Ресейдің де маңызды мейрамдарын, кеңес ғарыш саласының тарихи даталарын назардан тыс қалдырған емес. Солардың бірі – Байқоңырдың туған күні.

1955 жылдың 2 маусымында КСРО Министрлер кеңесі Бас штабының нұсқауымен №5 (Байқоңыр ғарыш айлағы) ғылыми-зерттеу әрі сынақ полигонының ұйымдық-штаттық құрылымы бекітілген болатын.

Бұдан кейін дәл осы күн тарих парақшаларына Байқоңыр ғарыш айлағының іргесінің қаланғаны күні ретінде енгізілді.

Байқоңыр атаулы күнді жаңартылған демалыс аумағында көптеген спорттық шаралармен атап өтті. Негізгі мерекелік шаралар қаланың басты алаңында ұйымдастырылды. Бұл арада Байқоңырдың ең үздік отбасы кім екені анықталып, ірі мерекелік концерт өтті. Концерт соңында отшашу болды.

Дәстүр бойынша қала күнін тойлау кезінде «Байқоңыр қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Осы жолы дәл осынау тізімді «Байқоңыр» ғарыш кешеніне еңбегі сіңген, КСРО Қарулы күштерінің ардагері, ғарыш айлағын еңбек сіңірген сынақшысы, Байқоңырдың іргесінің қалауына үлес қосқан Юрий Лукьянов пен Байқоңыр қаласының әрі «Байқоңырэнерго» кәсіпорының ардагері Нина Владимирцева толықтырды.

Ал Лукьянов дегеніміз кім? Юрий Лукьянов Байқоңыр ғарыш айлағында 1968 жылдан бері әйгілі «Гагарин стартында» қызмет етіп келе жатқан білікті маман.

Өз өмірінде зымыран-ғарыштық кешенінде 150 ұшу сапарын жүзеге асыруға қатысқан. Өз кезегінде Нина Владимирцева бұрынғы қалалық ЖЭС – қазіргі «Байқоңырэнерго» кәсіпорнында 1957 жылдан, яғни шамамен қаланың іргесі қаланғанынан бастап еңбек етіп келеді.

Мінекей, оларға «Байқоңырдың Құрметті азаматы» лентасы мен куәлігін Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин табыс етті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз