Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
11
USD
449
+0.25
EUR
477
-1.21
RUB
4.77
-0.02

Байбектен 500 теңгеге тамақ сататын мейрамхананың мекен-жайын жариялауды талап етті

Бауыржан Байбек Алматылықтарды елең еткізген сөзін Астанада айтты. Тілшілермен емен-жарқын әңгіме құрған ол Алматының мейрамханаларында 500 теңгеге қарын тойғызып жүр екен.

«500 теңгеге қай жерден ішуге болады?  Қанағаттан болады ішуге.  Тексереміз, жақсы рахмет!  Тексеріңіз. Бізде өте көп дөнерлер бар. Қымбат емес. Өте көп кафелер бар.  Осындай қымбат емес жерлер бар. Әрине, оның ішіне ішімдік кірмейтін шығар. Солай ғой. Жәй ғана бір суп, тамақ»,-дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Әкім айтқан 500 теңгеге мейрамхана тамағы тұрмақ, бір дөнер сатып алудың өзі қиын. Мәселен, мына дөнерхананың қожайыны тілшілерді ішіне кіргізбеді. Тіпті олардың әкім айтқан 500 теңгені құлағына да қыстырмайды. Осы жерден жылдам асын сатып алған адамның сөзі мынау.

«700 теңгеге сатып аласың. Оған тек дөнердің өзін жемейсің ғой, соған қосымша су алғанда шамамен үнемдегеннің өзінде де 900 теңгедей түскі асқа кетеді.  Қала әкімі 500 теңгеге барып тамақ ішетін жерді көрсетсін, сол жерден барып түскі ас ішейік»,-дейді Алматы қаласының тұрғыны Талап Балтабек.

Астанада айтқан әкім сөзінен аңғарғанымыз, Алматыда жерасты өткелдері дауға айналғалы тұр екен. Яғни, қала басшылығы сондағы табысын тауып жүрген саудагердің бәрін қуып шықпақшы. Байбектің бұл жөнінде де айтар уәжі бар.

«Жер асты жолы адамдар жүретін жер ғой. Ол базар емес қой. Бізде 57 базар бар. Барып базарға сатсын. Неге адамдар жүретін жерде бәрі базар болуы керек?»,-дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Соның кесірінен 3 мыңдай сатушы тіршілігінен айрылады деген қауіп бар. Әкімнің Алматыға қатысты мақтанышпен айтылған деректерінің арасында сөз болған тағы бір мәселе  қаладағы 7 мыңнан астам ғимараттың жер сілкінісіне төзімділігі күшейтілмек. Бірақ, оның жеке тұрғын үйлерге түк қатысы жоқ.

«Жеке тұрғын үй секторын мемлекет қазынасына бекіту  өйтіп ешкім олай істемейді. Құрылыс компаниясы үй салған кезде рұқсат алып, 9-10 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп салу керек. Бұл оның міндеті. Ертең сол үй құлап қалатын болса, сол компания жауап береді» -дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Яғни, әкімдік осы бастан басын бәледен арашалап жатқандай. Алда-жалда көпқабатты үй қирай қалса, кінәнің бәрі құрылыс компаниясына артылады.

Тілшілермен болған бір сағаттық кездесуде Алматының әкімі заңсыз құрылыстармен, жабайы саудамен қалай күресіп жатқандарын, сондай-ақ, жаңа келбет алған қала көшелерін де тәптіштеп түсіндіріп берді. Айтуынша, қаланың тарихи орталығы болып саналатын аумақтың 170 гектары жаңғыртылмақ. Дегенмен, әлгі арзан тамақтың қайда сатылатыны алматылықтар үшін жұмбақ күйінде қала беретіндей.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз