Тиінге кеткен теңгелер ақталыпты. Бауыржан Байбек 23 миллион теңгеге салынып, сол үшін көпшілік қызу талқылаған сабан мүсіннің арқасында Алматыны әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары тегін жарнамалағанын мақтана айтты.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Алматыдағы Республика сарайында бүгін аншлаг. Бірақ бұл атақты әншілердің концерті емес, білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі. Жаздағы демалыста әріптестерін сағынып қалса керек, Бауыржан Байбек беттен сүйіп, қолдан қысып әдеттегіден ұзақ амандасты. Тамыз кеңесі – соқпағынан шықпайтын арба сыңайлы. Жылдағы «бәрі жақсы» деген сол бір жаттанды ән. Ұзақ есептен іштері пысып, телефон шұқылағандар Бауыржан Байбек баяндамасын бастағанда бір серпілді. Сабан мүсінге кеткен 23 миллион теңге ақталған екен. Әкім әлемге әйгілі бұқаралық ақпарат құралдары тиіннің арқасында Алматыны тегін жарнамалады дегенді айтты.
Соның арқасында Алатау баурайына ат басын бұрған турист Шымбұлақ, Медеуден бұрын бірінші тиінді көргісі келетін деңгейге жетіпті-міс.
“Әлемдік өлшеммен қарайтын болсақ, бұл жоба қымбат емес. Тиін ақпараттық жарнама тұрғысынан оң әсерін берді. Тұрғындардан әртүрлі кереғар пікірлер болатынын алдын ала болжағанбыз. Осы тиіннен алматылықтардың мінезін көрсек те болады. Көбіне түймедейді түйедей етіп көрсетеміз”, деді Бауыржан Байбек.
Жиын тамыз кеңесіне емес, әкім есебіне ұқсағандай. Байбек біліммен қоса қаланың болашағына көз жүгіртіп, қазіргі күрмеуі қиын мәселелерді жіліктеді. Соңғы 20 жылда мегаполисте көлік саны 10 есеге артқан Алматыны әкім үлкен автотұрақпен салыстырды. Жақын арада машинаны велосипед сияқты жалға алатын мүмкіндік жасалмақ. Нәтижесінде бас-басына темір тұлпар мінгендердің қарасы сиреуі мүмкін.
https://kaz.365info.kz/syje-bastady-akesinin-dosyna-khyzmet-korsetken-zhozekshe-khyz-syryn-akhtardy-328949
“Енді бір минутына 19 теңге төлеп көлікті жалға алсаңыз болады. Дереккөздерге сүйенетін болсақ, адам көлікпен күнделікті көп жүрмейді екен. Оны сақтандыруға, күтуге, жөндеуге шығындалғанша, артық шашылмауға мүмкіндік туады. Осылайша, көлік сатып алушылар азаяды деп ойлаймын”, дейді Алматы қаласының әкімі.
Бауыржан Байбек базардағылардың да болашағына алаңдаулы. Электрондық сауда санаулы жылдарда қарқынды дамыса, көп саудагер жұмыссыз қалатынын осы бастан болжап отыр. Далада қалмас үшін олар туризм нарығына бейімделуі керек деген кеңесін де айтты. Айтқандай, астаң-кестеңі шыққан Алматы көшелері бірінші қыркүйекке дейін жөнделіп бітуі тиіс. Әйтпесе, оқу жылының жылдағыдан да жаман кептеліспен басталатын түрі бар.