Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
20
USD
449
+0.08
EUR
478
+1.11
RUB
4.76
-0.01

Бағалар неге қымбаттайды? Әкім-қаралар ақшаны депозитке салып жүр!

5-желтоқсанға дейін 4 өңірдің – Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының тұрақтандыру қорларына қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді. Басқа өңірлер қосымша қаражатқа зәру емес», – дейді ол.

Бұл мәселенің мәнісін ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов түсіндірді. Ол әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өспеуі бағытында «аймақтарда белгілі бір жұмыстар атқарылғанын» айтады. Атап айтқанда, өткізілетін жәрмеңкелер саны артты. Мәселен, биылғы қыркүйек-қараша айларында ғана әртүрлі өңірлерде 1 493 жәрмеңке өткізілген, оларда 9,1 млрд теңге сомасына азық-түлік өнімдері сатылды. Ал 2015 жыл ішінде олардың саны 3 500 ғана болған.

«Соған қарамастан, аймақтардағы тұрақтандыру қорлары тиімсіз жұмыс істейді. Жағдайды талдау арқылы бірқатар мәселе айқындалды. Мәселен, тұрақтандыру қорына бөлінген қаражаттың бір бөлігі көбіне депозиттерде жатады. Жекелеген аймақтарда депозиттер бөлінген қаражаттың жартысынан асады. Осыған байланысты дебиторлық қарыздың аса көп болуы назар аудартады, жекелеген жағдайларда ол 90 пайызға жетеді!

Бұл мәселелер, ең алдымен, тиімсіз менеджменттің салдары», – дейді Қайрат Айтуғанов.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, Алматы қаласының әкімдігі өткен жылдың желтоқсан айында тұрақтандыру қорына 14 млрд теңге бөлген.

«Бұл қаржының 13,4 млрд теңгесі әлі күнге дейін депозитте жатыр. Сөйте тұра, Алматыда азық-түлік өнімдеріне бағалар жыл басынан бері 8,4 пайыз қымбаттаған. Тұрақтандыру қорларының айқын жұмыс жоспарын құру қажет, онда нені, кімнен, қашан сатып алу, қайда сақтау, қандай уақыт аралығында сату мәселелері айқындалуы тиіс. Алайда, аймақтарда тетіктерге жеткілікті түрде көңіл бөлінбейді, мұндай жоспарлар құрылмайды. Нәтижеде, тұрақтандыру қорлары тұрақты жұмыс істемейді», – дейді Қайрат Айтуғанов.

Біздің білуімізде мұндай масқара жайт жылдың соңында үнемі жария болады. Өйткені Үкіметтен сұрау басталады. Бөлінген қаржы неге тиімді игерілмеді деген? Әрине, Үкімет өз кезегінде кінәні өңір басшыларына жабады. Тура осылай. Бір қызығы, бұл қойылым пердесі түк болмағандай ақырын жабыла салады.

Ар жағындағы көрермен – халық түк түсінбейтін меңіреу біреу секілді. Әйтпесе көрді ғой, естіді ғой, енді бірнәрсе қылу керек қой деген біреуді байқамайсыз. Бірақ қазіргі уақыт басқаша. Көзді бақырайтып қойып, алдау келмеске кетті. Қазіргі халық құқығын біледі, талапшыл. Министр айтты ма, айтты.

Енді бюджеттен бөлінген ақшаны мақсатты жұмсамай, депозитке салып, сары майдай сақтайтын әкімдердің атын атап,  түсін түстеп берсін.

Қашанға дейін кешіре береді. Заң алдында бәріміз бірдейміз ғой. Неге оларды кешіреді? Ал қарапайым адам сүрініп кетсе, жағасынан алып, заң алдында жауапқа тартады?

Бөлінген ақша депозитте жатқандықтан да бағалар өсе береді екен. Демек, тағы да халық ақымақ. Бұл – адал еңбегімен табыс тапқандардың қалтасына қол салу.

Расында, азық-түлік қымбаттайтындай не болды?

Доллар өсті ме? Көрші Ресейдің рублі девальвацияға ұшырады ма? Әлде теңгеге бірдеме болды ма? Мұнай бағасы құлады ма? Жоқ!.. Иә, бензин бағасы көтерілді. Бірақ оған да негіз жоқ, негізі. Қалай дегенмен де, дөдең қаққан баға тоқсан сайын ешкімге ырық бермей, 5-10 теңгелеп „ұшып„ барады. Қара халықтың  тұрмысын қысып барады. Бұл рас енді…

Тағы бір айта кетерлік жайт, елді місе тұтпай ашықтан ашық осындай бассыздыққа барып отырған өңір басшыларында Тәуелсіздік мерейтойы құрметіне халқы үшін сыйақыға ақша қайдан болсын?..

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз