Астанада «Қазақ елі» сериалының «Алмас қылыш» деп аталатын кинонұсқасы таныстырылды. Қаңтардың 5-нен бастап кинотеатрларда көрсетіле бастайтын фильмнің артықшылығы мен кемшілігі қандай?
«Алмас қылыш» фильмі «Көшпенділерден» кейін қоғамда қызу талқыланатын тәрізді. Себебі фильмді тамашалаған көпшілік «Алмас қылыштың» артықшылықтары мен кемшіліктерін әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр. Театр және киносыншысы Әсия Бағдәулетқызының айтуынша фильмнің артықшылығы да, кемшілігі де баршылық.
Алайда киносыншы фильмде «әттеген-ай» дейтін кемшіліктер көп екенін айтады. Мәселен аталған фильмде шайқасып жатқан адамдардың саны өте аз. Ал Керей мен Жәнібектің артынан Қазақ хандығының туын көтеруге шыққан халықтың саны 100 шақты ғана.
– «Алмас қылыш» компьютерлік графика ойлап табылмаған заманда түсірілген фильм сияқты. Он шақты ойрат он бес шақты қазақпен соғысады да, кері қашады. Ал хандықтың негізін қалаймын деп көшіп жатқан жұрт әрі кетсе жүзшақты адам ғана. Масштаб жоқ. Жұпыны. Иә, түмен-түмен адам жалдап, оларға көне киім тігіп беру қолдан келмейді. Бірақ «Троя» мен «Батыл жүрек» туындысында 5 адамды 500 мың әскер етіп көбейтеді ғой. Біздің графистердің бар қолынан келері «инстаграмның» бұлдыратуындай ойға сымайтын түстерге бояу ғана. Сонда олар көрермен соны байқамай қалады деп ойлай ма? – дейді киносыншы.
Әсия Бағдәулетқызы кадр сыртындағы мәтінде де, актерлердің диалогтарында да сөз көп екенін айтады. Киносыншының ойынша “Таза мінсіз асыл сөзден” бастап, Асан Қайғының бірталай өлеңін оқу дәл осы фильмге неге керек емес еді. Сондай-ақ ол актерлердің ойынында театралдылық басым екенін тілге тиек етіп отыр.
– Кейде фильмдегі театралдылықты «қазақ киносының ерекшелігі, қазақ актерлерінің қолтаңбасы” деп «заңдастыра» салу керек шығар деп ойлаймын. Өйткені осы театралдықтан ешқашан құтылмайтын түріміз бар. Тіпті театрдың сахнасын көрмеген актерлеріміздің өзі сонымен ауырады.
Қазтуған (Б.Тілеухан) сөйлей жөнелгенде Парламентте мәлімдеме жасап отыр екен деп қалдық.
Мұрнының астымен сөйлейтін Рабия бегімнің (Қ.Мұхамеджанова) көзін аударып-төңкергенінің бәрі жасанды. Әр сөзін нығарлап сөйлейтін Керей (Қ.Кемалов), әр сөзінен кейін пауза керек деп санайтын Саид (Б. Әбділманов) екіұдай әсер қалдырады. Есесіне Мәдина Есманованың Жаһанбикесі ұнамды, Арман Әсеновтің Қобыландысы есте қалады. Еркебұлан Дайыровтың үлкен актер болып өсіп келетіні қуантады, – дейді Әсия Бағдәулетқызы.
Сондай-ақ киносыншы «Алмас қылыш» фильмінде бірнеше өрескел қателік кеткенін айтады. Мәселен фильм логикасына сенсек, қазақтар өзбектен қашып, ұйғырдың қолтығына тығылған тәрізді.
– Әбілқайырды Өзбек ханы екен деп, оны тұқым-тұяғымен көзін боятып, ала матасын оратып, қазіргі өзбектерге айналдырып жіберуге болмайтын шығар. Онда кілең қазақтың тайпалары болды әрі Шайбани да Шыңғыстың ұрпағы емес пе еді? Тарихшылар ол кезде Өзбек хандығы деген атау болғанымен, ол этнос ретінде өзбектер болып қалыптаспаған кез дегенді айтады. Ендеше Моғолстанды Ұйғырстан қылып шығарудың қай қисыны бар? Аты моғол болғанымен, ол да қазақтың өз тайпаларының қонысы еді ғой.
Фильм логикасына сенсек, қазақтар өзбектен қашып, ұйғырдың қолтығына тығылыпты. Неге Керей мен Жәнібек: “Шу да біздің өз жеріміз, атамекенге оралайық” демейді?
Былтыр Қазақ хандығының құрылуы туралы деректі фильм түсіргенімізде тарихшылардың бәрі бір ауыздан осылай айтты емес пе, – дейді киносыншы.
Қош, сонымен екі жылдан бері жыр болған «Қазақ елі» туындысы көрерменге жол тартты. Біздің ойымызша фильмдегі кемшіліктерге шығармашылық құрам ғана емес, сонымен қатар құзырлы орындарда жауапты. Себебі аталған фильм Қазақ хандығының 550 жылдығына 1 ай қалғанда емес, 4-5 жыл бұрын түсіріле бастау керек еді. Бұл бір. Екіншіден Мәдениет және спорт министрі фильмнің барлық қаржылық және тағыда мәселелерін тез арада шешіп беруі керек еді. Алайда министр мырзаның ол кезде «бақыттан басы айналып» жүрген болатын.