Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
14
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Қазақтар қалаға қашты. Асқақтаған Астана тұрғанда, сасық ауылды қайтеміз?

256

Анығында, бүгінгі Қазақстанның шын болмысын іздеген адам оны Астанадан таппайды. Иə, таппайды.

Біздің елдің шын болмысын көргіңіз, білгіңіз келсе, ауылға барыңыз. Қапаланасыз. Қазіргі ауыл, оның тұрмыс жайы

біздің биліктің 25 жылда түк бітірмегенін айтып береді.

Ауыл неге қаңырап қалды? Халық неге қалаға қашты? Бəрі түсінікті ғой. Қараусыз қалған жерден қашады. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар». Бəлкім, дамыған елдер үшін ХХІ ғасырда жарықсыз, сусыз отыру нонсенс шығар, бірақ біз үшін əлі де қалыпты дүние.

Құдай біледі,

осы уақытқа дейін мұнай сатудан түскен қаражаттан ауылға көк тиын бұйырған жоқ.

Жартысы Астанаға, жартысы кімге, неге керегі белгісіз даурықпа форумдар мен шараларға жұмсалды. Жоқ, рас. Бұйырса, ауылда тіршілік болар еді.
Бəріміз де ауылдан шыққанбыз. Бірақ ауылға оралғымыз жоқ. Неге, білесіз бе?

Салыстырып қарайық. Билік ауылға барғысы келетін жастарға баспана береміз дейді. Жарайды, жөн делік. Бірақ, сол жас маманға үй ғана керек пе? Ол сонда сыртқа шықпай ма? Ол қыдырмай ма? Ол демалмай ма? Ол төрт қабырғаға телміріп отыруы тиіс пе? Айталық, жұмыстан тыс уақытта не істейді? Ауылда əлгі жас маманның талап-тілегіне жауап бере алатын не бар? Үлкен экраннан кино көргісі, болмаса көңіл көтергісі, келсе қайда барады?

Ауылда қалада қалыпты дүние көрінетін демалыс, ойын-сауық нысандарының қайсысы бар? Жауабын сіз де, біз де білеміз ғой. Солай емес пе?

KonechnayaostanovkaVV

Ит байласа тұрмайтын…

Шығыста Шар деген шағын аудан бар. Журналистік сапардың бірінде жолымыз түскен, дәм-тұз бұйырған жер. Кеңес одағы кезінде тасы өрге домалап, шойын жолымен атағы шыққан екен. Қазір де тоғыз жолдың торабында жатыр.

Алайда бұрынғы дүркіреген даңқынан айырылған, бір кезгі алып ауданның жұрнағы да жоқ қазір. Өндірісі? Қабырғасы құлаған, іргетасы іріген. Қалғандары тойханаға айналған…

Жаңбыр шайған, тамшы тескен тас жолы қай ғасырда жөндеу көргенін аудан тұрғындарының өздері де білмейді, сірә. Күнкөрісі теміржолға тәуелді. Ал ол жаққа ағылғандардың бәріне бірдей «екі қолға бір күрек» бұйыра бермесі анық. Аудан тұрғындарының аузынан естігеніміз осы.

Ал көргеніміз одан да көп. Қайсібірін айтайық. «Ауданымыз ауылға айналды» деген сонда тұрғындар. «Ауыл ше, құрдымға кете ме?» деген ауыр ой арқалап қайтқанбыз Алматыға.

Шардағы жағдай өзге өңірлерде жоққа тән деп айта аламыз ба? Осындайда Серік Апрымовтың әйгілі “Ақсуаты” ойға оралады. Білсеңіз, Апрымовтың атағын шығарған осы «Ақсуат» фильмі. Түсірген дүниелерін қолтықтап шетел аралады, кино бәйгелерде топ жарды. Сондайда «алыс-жақынды шарлаған Апрымов ондағы көрерменді несімен таңғалдырды?», деп таң-тамаша болатын едік. Бәлкім, сол кездегі қазақ ауылының өмірін боямасыз көрсеткені үшін ұта білген шығар.

Қу дала. Жұтаған ел. Тоқал там. Тынысыңды тарылтатын күңгірт, сұрықсыз кеңістік. Жан-дүниеңді құлазытар белгісіз мұң. Сол тұстағы кинокамералардың таспасы солғын болды ма білмейміз, әйтеуір Апрымовтың «Ақсуатын» көргенде қапырық күнде тымырсық бөлмеге қамап қойғандай күй кешетін едік. Бәрін қойшы, әсіресе, ауылдың ажарсыз тірлігі, жадау тұрмысы көңілге қаяу түсіріп кетер еді.

19-шы ғасырдың қойнауында қалып қойғандай көрінетін ауылдың кейпіне қарап іштей «ит байласа тұрмайтын жер екен» деп ойлайтынбыз. Не керек Ақсуатты, одан қалды Қазақстанды шетел солай таныды… Қайтеді. Көзбен көргенді қабылдайды да.

Ит байласа тұрмайтын… Осы сөз есімізге оралған сайын біздің көз алдымызға тұнжыраңқы тіршілігі бар сұрықсыз ауылдың бейнесі келеді. Киноның желісі де, кейіпкерлері де әлдеқашан ұмыт болған, бірақ сол бір көрініс санада сақталып қалыпты. Өшкен жоқ әлі күнге. Өзгермеген де шығар.

Ит байласа тұрмайтын… Ондай ауылдар аз ба бізде? Аз емес екеніне ауыл тіршілігімен танысқан әр сапарымызда көз жеткізіп қайтамыз.

 

7518C02A-C6B3-4830-A237-9766F4F4F888_mw800_s

Аль ФРЕДО

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз