Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
11
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Қазақстанның халық артисі Нүкетай Мышбаева – 80 жаста

555

Бала жасынан әнші болу арманы әрі ауыл-аймаққа аты шыққан айтыскер-әнші анасы Шәлипаның ақылымен 1954 жылы Ал­матыдағы Құрманғазы атын­дағы консерваторияға оқуға келген ол ойламаған жерден осы оқу орнының актерлік бөліміне түседі.Өнерлі жасты бұл жолға бағыттаған ұлы ұстаз Асқар Тоқпанов еді. Консерватория қабыр­ғасындағы қызықты жылдар сахна өнерінің әншілікпен егіз актерліктің қыр-сырына баулыды. Оқуды бітірген 1959 жылы Нүкетай бір топ талантты құрбы-достарымен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданады. Содан бергі алпыс жылға жуық уақыт бойы  осы қарашаңырақ театрда үзбей еңбек етіп,сахнаның ауыр жүгін  серіктестерімен бірге көтеріп келе жатқан актриса бүгінде халықтың сүйіктісі,қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы. 

Нүкетайдың алғашқы ролі – жас режиссер Ә.Мәм­бе­товтің «Беу, қыздар-ай!» (Қ. Шаңғытбаев, Қ.Жан­дарбеков) спектаклінде сәтті шыққан Ай­сұлу. Сол кезеңде негізінен комедиялық рольдер – Ә.Тәжібаевтың «Той болардасында» актриса болуды армандайтын Айбала,  «Көңілдестер» драмасында Роза, Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» комедия­сында ақкөңіл де адал Марфуғаны орындаған ол келе-келе жанрдың үлкен шеберіне айналды. Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсесіндегі» байдың шолжаң қызы Меңсұлу, И.Саввин, Ж.Тәшеновтің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырдысында» Анжелика, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» жағымпаз, сөз аңдығыш келін Саттыхан, Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір тойдағы» пысық әйел Гүлбарам, башқұрт драматургы Ф.Бөлековтің қазір репетуарда табысты жүріп жатқан «Отыз ұлың болғанша…» мұңлы комедиясында өмір бойы әлдебір идеалдарға қызмет еткен, жаны қасаң, бірақ, мейірге сусаулы Фатима… Бұл рольдеріндегі күлкінің астарында  қоғам мен әлеуметке деген өткір сын жүлгеленеді. 

Актриса Н.Мышбаеваның драма жанрындағы алғашқы күрделі еңбегі режиссер Ә.Мәмбетовтің «Ана-Жер-ана» (Ш.Айтматов. «Құс жолы», сахналық нұсқа Б.Львов-Анохин) спектакліндегі Әлиман болды. Қазақ сахнасындағы жаңаша бейнелеу, жаңа көркем тіл болған;өмірлік өзегі мықты, қоғамдық-әлеуметтік жүгі ауыр бұл спектакльде актриса Әлиманның  психо-эмоционалдық ахуал, жағдайын көркем де қуатты ашады. Алғашқы премьера күні Ш.Айтматов: «Н.Мыш­баева Әлиманды менің шығармамдағыдан да терең ойнады», деп жоғары баға берген бұл бейне ак­трисаның ғана емес, ұлттық сахнаның табысы болды.

Жалпы, Нүкетай актриса шығармашылығының ерек­шелігі – халықтық сипатында екенін бөле-жара атауымыз орынды. Мұның тағы бір жарқын мысалы келесі бір күрделі ролі – әнші Майра. Атақты ақын Исаның қызы, актриса М. Бай­­зақованың айтуында, Нүкетай кең тыныс­ты, қоңырқай үнді жарқын дауысымен атақты Майра әнін шырқағанда олар көз алдарында тура әке-шешелерінің аузынан естіген керемет әнші Майра тұрғандай әсерленген. Ал, пьеса авторы, көрнекті ақын-драматург Ә.Тәжібаевтың өзі: «Нүкетай Майраның әндерін керемет айтады. Нағыз Майра енді туды», деп қуаныпты.

Нүкетай Мышбаева халық сүйген актриса. Қазақстанның халық артисі (1991),   «Парасат» (2010) орденінің иегері.. Аналық ақ ниеті мен шуақты мейірімі өмірде де, өнерде де қарапайым ұлылығымен мағыналанатын тұлға. Ардақты ана, сүйікті әже, жас буынға ұстаз. 

mereitoi-2

М.Әуезов театрының баспасөз қызметі

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз