ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетіндегілер Тәуелсіздіктің 25 жылында қойылған есімдер жайлы қызықты мәліметтерді жария етті.
Ресми сайт келтірген мәліметке сүйенсек, тәуелсіздіктің 25 жылында, яғни 1991 жылдың 16-желтоқсанынан 2016 жылдың 6-желтоқсанына дейін 31 810 адамға Нұрсұлтан деген есім берілген. Ал Қазақстанның бірінші ханымының есімі Сара 3 512 қызға берілген.
11 адамның есімі Нұрлыжол, 9 адамның аты Нұротан және Бәйтерек есімді 53 адам бар. Тағы 3 адам Мәңгілік және 2 Ақорда бар екен. Қазақстанда бір адамның есімі Атазаң екен.
“Тәуелсіздік жылдары туған балалардың саны 2014 жылға – 399 мың бала, 2015 жылға – 398 мың және 2013 жылға – 387 мың бала. 1999 жылы балалар дүниеге аз келген”, – делінген Статистика комитетінің мәліметінде.
Тәуелсіздік жылдарында ұлдар арасында Ерасыл, Диас, Азамат, Руслан, Санжар және Мирас есімдері көп қойылса, қыздарға Аружан, Айдана, Диана, Аяулым, Алина, Мадина, Айзере, Айару, Арайлым есімдері көп беріліпті.