Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
8
USD
430
-2.45
EUR
505
-1.23
RUB
5.55
+0.03

Қазақстан кімге, қанша қарыз?

343

Келісім шарттары бойынша, Халықаралық реконструкция және даму банкі Қазақстанға 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қарыз бермек.

8b040df15400e79744884921e9f53431

Бақыт Сұлтанов

Парламент мәжілісіне заң жобасын арқалап келген ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл қаржы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және ҚР Үкіметінің экономиканы қарқындандыру және экономикалық даму секілді стратегиялық шараларды жүзеге асыруға жұмсалмақ.

Бұл қарызды Қазақстан 20 жылдың ішінде қайтарып үлгеруі тиіс.

2016 жылғы бюджет тапшылығын жабу үшін Қазақстан Үкіметі былтыр жыл соңында тағы бір қарыз алу жөніндегі келісімге қол қойған еді. Ол заң жобасын да Мәжіліске әкеліп таныстырған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов болатын. Мәжілісмендерге бұл қаржының неге қажет болғанын түсіндіру үшін тағы да 2016 жылғы бюджет тапшылығын көлденең тартқан министр:

“Бұл қарыз елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары мен экономиканы қарқындандыру бағытындағы стратегиялық шараларын орындауға арналады”, – деген уәж айтқан еді.

Тіпті, қарыздың сомасы да бірдей – 1 миллиард АҚШ доллары болған.

Қарызды қашан өтейміз?

Жалпы, соңғы жылдары экономикалық сарапшылар мен саясаттанушылар Қазақстанның сыртқы қарызы жайында дабыл қаға бастады –

шетелдерге қарызымыз қанша? Оны қанша уақытта қайтаруымыз керек? Олардың алдында қандай міндеттеріміз бар?

2015 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы – 153,5 миллиард долларға жеткен. Оның былтырғы жылғымен салыстырғанда, 4 миллиард долларға, яғни 2,5 пайызға азайғаны жайында жақында ҚР Ұлттық банкі баспасөз-қызметі бөркін аспанға атып, мәлімдеген болатын.

“Барлық сыртқы қарыздың 7,9 пайызы немесе 12,2 млрд доллары мемлекеттік секторға (олардың ішінде, мемлекеттік басқару органдары мен Ұлттық банк те бар), 5,2 пайызы немесе 8 млрд доллары екінші деңгейдегі банктер мен «Қазақстанның даму банкіне» тиесілі. Ел берешегінің 33,5 пайызы немесе 51,5 млрд доллары тікелей инвестициямен байланысы жоқ қарыздар – өзге сектордың мойнында”, – делінген Ұлттық банк таратқан мәлімдемеде.

Алайда оның қандай сектор екені ашық айтылмайды.

“Ал қалған 53,3 пайыз немесе 81,8 млрд доллар – өзге секторлардың фирмааралық қарызы. Оның ішінде, банк емес қаржылық корпорациялар, қаржылық емес корпорациялар, үй шаруашылығы, үй шаруашылығына қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдар бар”, – делінеді.

04-2_777ff32b

Азат Перуашев

Қазақстанның сыртқы қарызына алаңдаушылығын білдірген Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің пікірінше, сыртқы қарыздың басым бөлігі квазимемлекеттік секторға тиесілі.

– Өкінішке қарай, квазимемлекеттік сектордың дамуы өз деңгейінде емес. Қазақстанның экономикасының 31,3 пайызын ғана құрайтын ол саланың сыртқы қарызын мемлекет реттеуді өз мойнына алуы керек, – дейді ол.

Халық қалаулысының айтуынша, 2020 жылға қарай, мемлекеттік қарыз бен квазимемлекеттік сектордың қарызының жиынтығы ЖІӨ-нің (Жалпы ішкі өнімнің) 22 пайызынан аспауы тиіс.

– Қазір бұл көрсеткіш – ЖІӨ-нің 65 пайызын құрайды. Алдағы бес жыл бойы оны жыл сайын он пайыздан азайтып отыру керек, – деген ойда депутат.

2005-2014 жылдар аралығында Қазақстанның сыртқы қарызы – 3,62 есеге дейін өскен. Соңғы бес жылда сыртқы қарыз 118,222 миллиард АҚШ долларынан 157,422 миллиард долларға дейін өскен. Сыртқы қарыз адам санына шаққанда да өсіп келеді.

Егер 2005 жылы елдің шетелдік кредиторлар алдындағы қарызы әрбір қазақстандыққа шаққанда шартты түрде 1590 АҚШ долларынан келетін болса, 2014 жылы ол 4480 долларға жеткен.

Қарыз ала беруге не түрткі?

Біріншіден, осылай бюджет тапшылығын жою қарастырылуда. Екіншіден, бұған мұнай бағасының құлдырауы себеп болып отыр. Екі жыл қатарынан елдің жалпы ішкі өнімі төмендеу үстінде: 2014 жылы ЖІӨ долларға шаққанда 231,5 миллиард доллардан 217,3 миллиард долларға дейін құлдыраса, 2015 жылы оның деңгейі 185 миллиард долларға дейін төмендеген.

Қазіргі ақпарат бойынша,

Қазақстан 114 мемлекетке қарыз. Бізді қарызға батырған елдердің көшін Голландия, Ұлыбритания және Қытай бастап тұр.

Голландияға Қазақстан берешегінің жалпы сомасы – 43,1 миллиард доллар, бұл жалпы қарыздың 27,8 пайызы. Ұлыбританияға берешегіміз – 26 миллиард доллар немесе жалпы қарыздың 16,8 пайызы. Қытайға берер қарызымыз 13,6 миллиард доллар немесе жалпы қарыздың 8,8 пайызы.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз