Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
10
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Аяқталған суицидтерде триггер ғана емес, маңызды проблемалардың ізі де бар — психиатр

Соңғы мәліметтер бойынша, 2021 жылы 105 қазақстандық жасөспірім өзіне қол салған. Тағы 200-ге жуығы талпынған. 2020 жылы 140 бала өз-өзіне қол жұмсады. Мамандардың айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің 60%-ы 15 жастан 17 жас аралығында болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде үшінші орын алады және Орталық Азия елдері арасында көшбасшы.

2021 жылғы маусымда ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халық алдындағы есептік кездесуінде жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының негізгі себептерін атады. Оның айтуынша, әрбір үшінші жағдай отбасылық жанжалдармен байланысты.

Отбасындағы жанжалдар

“Әрбір үшінші жағдайға туыстарымен қақтығыстар кінәлі, жалғыздық сезімі — 12%, достармен қарым-қатынастың үзілуі – 10%, оқу орнындағы қақтығыстар, қолайсыз қаржылық жағдай – 3%”, – деді министр.

28 қазанда Алматы НЗМ-де қайғылы оқиға болды, сегізінші сынып оқушысы Сергей Ким мектептегі жанжалдан кейін өз-өзіне қол жұмсады. Бала әзіл үшін белдемше кигені белгілі және бұл мектеп қызметкерлеріне ұнамаған. Іс “Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу” бабы бойынша тергелуде.

29 қазанда республика бойынша бірнеше НЗМ оқушылары қаза тапқан баланы еске алуға наразылық акциясын өткізді.

Балалар белдемше киіп, “Киімнің жынысы жоқ” флешмобын жүргізді

Кейін қайтыс болған баланың әкесі Виктор Ким қазақстандықтардан қайғылы оқиға туралы жазбалар жарияламауды сұрады. Сондай-ақ, ол НЗМ әкімшілігіне ешқандай шағымдары жоқ екенін айтты.

“Менің ұлымның атын пайдаланбауларыңызды және әлеуметтік желілердегі кез-келген іс-шараларды, акциялар мен жарияланымдарды, соның ішінде белдемше киюді насихаттауды тоқтатуыңызды сұраймын”, – делінген хабарламада.

Әлеуметтік желілерде оқушының қайтыс болғанға дейін куратормен әңгімесі камераға түсірілді деген ақпарат пайда болды. Сонымен қатар, Сергей Кимнің досы баланың отбасында проблемалары болғанын айтты.

Жел тұрмаса…

Жасөспірімнің терезеден секіруіне не себеп болды деген сұрақ әлі де ашық. Жоғары санаттағы психиатр Сергей Скляр трагедияның барлық егжей-тегжейін білместен, мектеп әкімшілігі мен мектеп психологиясының бүкіл жүйесін айыптаудан аулақ болу керек деп санайды.

— Жасөспірімдердің суицидтерін өз-өзіне қол салу жалпы статистикасынан бөлек қарастыратын болсақ, онда мәселе жиі кездесетін болып шықпайды, – дейді дәрігер. – Ал өлім-жітім бөлінісінде ДДҰ деректері бойынша 15-29 жастағы суицидтер өлім-жітім себептері бойынша екінші орын алады.

— Бізде бар мәліметтер бойынша, жасөспірім мектеп психологымен сөйлескеннен кейін терезеден секірген.

— Бұл бізге белгілі мәлімет. Шын мәнінде,

аяқталған суицид туралы айтатын болсақ, әдетте, сыртқы травмалық жағдайдан гөрі күрделі проблемалар бар

Бұл депрессия болуы мүмкін, ол көбінесе суицидтік мінез-құлықпен байланысты. Оны өз уақытында анықтай алмаған болар. Қазір депрессияның көптеген түрлері бар, олар бірден пайда болмайды. Олар мамандарға білінбеуі мүмкін. Бұл үшін психологты, мұғалімді немесе ата-ананы кінәлау мағынасыз. Себебі олар осы саланың мамандары емес.

— Бәлкім мектеп психологиясы жүйесін басқа деңгейге шығару керек шығар?

— Мен мұның себебі білімнің немесе мектеп психологиясы институтының жетіспеушілігінде деп айтпас едім. Керісінше, білім беру жүйесі, білім берудегі суицидтің алдын алуға жауапты басқа мемлекеттік орган сияқты, осы бағытта жұмыс істейді.

Статистика, кем дегенде, жасөспірімдер арасында суицидке талпыну және аяқталған суицид жағдайлары азайып бара жатқанын көрсетеді. Сондықтан, қазір қайғылы жағдайдың мән-жайы мен кейбір нюанстары әлі белгісіз болған кезде, мен мұғалімдер мен мектеп психологын айыптамас едім.

Бағыну жүйесі

— Пубертат жасындағы балалардың өзіне-өзі қол жұмсауы жағдайлары басқа елдерде қандай? Әлде Қазақстан бәрінен асып түсті ме?

— Ресейді мысалға келтірсек, онда жағдай шамамен бізбен бірдей. Мұның бәрі көп жағдайда, бірақ әрдайым емес, психобелсенді заттарды — алкоголь мен есірткіні қолданумен ұштасады.

— Сіз әлі де мектеп психологиясының сапасына қатысты мәселе бар деп ойламайсыз ба? Көбіне оқуды нашар оқығандар мектепке психолог болып барады деген түсінік бар. 

— Бұлай тұжырымдайтын болсақ, онда бейбақтар педагог болады, себебі олардың жалақысы аз. Дәрігерлер, айналысатын басқа ештеңе болмағандықтан жеті жыл оқиды, солай ғой?

Сондықтан Қазақстанның білім беру мен медицинасында бейбақтар жұмыс істейді деген пікір дұрыс емес

Егер біз мектеп психологтарының деңгейі туралы айтатын болсақ, онда ол әр түрлі. Дәрігерлер мен мұғалімдер сияқты. Мектеп психологтарының мәртебесі мемлекеттің суицидтің алдын алу жөніндегі бағдарламаларының арқасында ғана көтеріле бастағанын ұмытпайық.

Бір нәрсені өзгерту керек пе? Жоқ. Шынында да қажет болатын өзгерістер болуы екіталай. Кейбір елдерде, мысалы,

мектептерде мекеме әкімшілігіне бағынбайтын, бірақ жалданып жұмыс істейтін психологиялық қызметтерді қолдану тәжірибесі бар

Біздің білім беру жүйесі бұған дайын екеніне күмәнім бар. Ал бұл қызмет қазір қайта құруды қажет етпейді. Өз мүмкіндіктері шегінде ол ұзақ уақыт және үйлесімді жұмыс істейді.

Тәуелсіз психология

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да Сергей Склярмен келісті. 29 қазанда ол өзінің Facebook парақшасында былай деп жазды:

“Мектеп психологтарын мектеп директорының қарамағынан шығару керек. Медициналық қызметті шығарғандай. Әлеуметтік-психологиялық мектеп қызметі мектеп өмірінің жеке буыны бола алады. Психологтарды біріктіріп, осындай мектеп жүйесін құру қажет. Тәуелсіз психологтар қауымдастығы жұмыс істейтін болады. Психолог қызмет бағытын белгілейтін, қолдау табатын, біліктілігін арттыратын орталықтың болуын қамтамасыз ету қажет.

Өйткені, қазір психолог көп жағдайда тәуелді. Көмек жоқ, бірақ басқарушылар көп. “Әкел, қызмет көрсет, бара бер, араласпа” қағидасы бойынша жүреді

Бірақ бұл қызмет өте маңызды. Әсіресе, балалар, жасөспірімдер және жастар ортасындағы суицидпен байланысты жағдайларда”.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз