Қазақстандағы автокөлік иелері темір тұлпарлары үшін салық бойынша берешекті 31 желтоқсаннан кешіктірмей өтеуі тиіс.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлады.
«Қарыз сомасы қалыптасқан жағдайда, салық төлеушілер көлікке салық бойынша міндеттемені орындауы тиіс. Төлем жасау мерзімі жыл сайын 31 желтоқсаннан кеш болмауы керек», – деп атап өтілген ресми сауалға берілген ведомства жауабында.
Көлік иесі тарапынан салық төленбесе немесе толық өтелмесе, онда қарыз сомасын мәжбүрлі өндіріп алудың шаралары қабылданады.
Автокөлікті басқа адамға сату жағдайында оны қайта тіркеу мен есептен шығару үшін тапсырушы тарап барлық салықты төлеуі тиіс. Көлікті сату кезінде есептелген салықтық берешек туралы мәліметті азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарынан және тіркелген жеріндегі салық органынан біле алады. Атап айтқанда, салық бойынша берешек сомасы немесе оның жоқтығы туралы ақпаратты автокөлік иелері ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан (kgd.gov.kz) біле алады. Сонымен қатар call-орталық та жұмыс істеп тұр.