Нұр-Сұлтан
Қазір
20
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Ауызсуы жоқ, бюджет ақшасына күнелтетін ауыл. Қазақ ауылдары құрып барады

244

Қарт Қаратаудың етегіндегі Ащысай ауылының жан-жағын тау қоршап жатыр. Кіреберісте бұрнағы ірі кәсіпорындардың үйіндісін көресіз. Бір қараған адамға түрлі-түсті үйінділер ауылдың қойнауында қымбат байлықтың барынан сыр шертіп жатқандай болады.

Ащысайдың өткені

Кезінде Кентау қаласындағы Ащысай полиметалдың кеншілері кен өндіруден дүниежүзілік рекорд орнатқан. Бұл атақ тарих беттерінде алтын әріппен жазылды. Ащысай полиметалл комбинаты 1929 жылдан жұмыс істей бастады. 1933 жылдың қараша айында Түркістан — Ащысай таулы темір жолы іске қосылып, Ащысай руднигінің негізі қаланды.

1935 жылы Ащысай кеніші пайдалануға берілген. 1936 жылдан бастап қорғасын кен тасы өндіріледі. 1938 жылдары Ащысай кентінде металлургия зауыты, 2 мектеп пен аурухана және мәдинет үйі тағы да басқа мекемелер жұмыс істей бастайды. Ауылдың экономикалық жағдайы жақсарды. Фабрикалар, зауыттар ашылып, Ащысай кен орны Ұлы Отан соғысына кеткен әр тоғыз оқтың жетеуін шығарды.

КСРО-Жапон соғысының тұтқындары осы Ащысайда жұмысқа тартылған. Жапондар салған көп қабатты үйлер әлі күнге дейін тұр. Ащысай жұмысшылары соғыс аяқталған соң 5 жылдан кейін одақ көлеміндегі қорғасынның 74,5 пайызын өндірген.

Көнекөз қариялардың айтуынша, тәуелсіздік алған жылдары мұнда шахта өртеніп, фабриканың маңындағы ағаштар екі жылдай жанған. Кейіннен зауыт жекеменшікке өтіп, бояу шығара бастапты. Сосын әк тастарын шығарды.

Қазір сол өндіріс орнынан түк қалмапты. Ал ғалымдар Ащысайдың кен орындарында мырыш пен барит әлі күнге дейін бар дейді. Себебі мырыш кені 100 жылға есептелген екен, негізі толық зерттеуді қажет етеді.

Даңқ елесі кезіп жүрген ауыл

Заманында кен өндіріп, көпшілікке танылған Ащысай бүгін қараусыз қалған елдімекеннің кейпінде. Ауылға кіргеннен қаңырап бос қалған көпқабатты үйлерді көресіз. Тоқырауға төтеп бере алмаған тұрғындар үйлерін тастап, жаппай көшіп кеткен. Кезінде 20 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда қазір небәрі 2176 тұрғын ғана қалыпты. Оның өзі негізінен зейнеткерлер.

Ауыл әкімі Қайрат Қабылбековтың айтуынша, ауыл азаматтарының дені бюджеттік мекемелерде қызмет етеді. Ал қалғандары мал шаруашылығымен айналысады.

Ауыл Көккөз, Ақжар және Ащысай елдімекендерінен тұрады. Мұндағы халыққа қазір екі мектеп пен шағын орталық, бір аурухана, өрт сөндіру бөлімі мен клуб қызмет көрсетеді. Кезіндегі кеншілердің бір бөлігі мал бағып, ауылда қалса, енді бірі оған да ерінеді.

Себебін сұрасақ, жайылым жердің жоғын айтады. Ауылдың кез келген тұрғынын сөзге тартсақ, бала-шағасының өзге қалаға кетіп қалғанын жасырмайды. Бірі құрылыста жүр десе, енді бірі Жезқазған қаласының Сәтбаев қалашығындағы шахтада жұмыс істейді екен.

Өздері туған жердің топырағы мен қара шаңырақты қимай ауылда қалып қойған. Үкімет өлтірмейді деген үмітпен күнелтіп жүр. Айтпақшы, әлеуеті онсыз да көңіл көншітпейтін елді-мекеннің коммуналдық саласы да ақсап тұр.

Ауылда ауызсу сағатпен беріледі. Тау өзендерінің суы арнайы зерттеуден өтпегендіктен, ішуге жарамсыз. Ауылдың төменгі және жоғары жағы күніне 4 сағаттан тіршілік нәрімен қамтылады. Ауыл әкімінің айтуынша, ащысайлықтарды таза ауызсумен қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде екен.

Қайрат Қабылбеков, Ащысай ауылының әкімі:

– Ауылға ауызсу берілетін күн жақын. 16 шақырым құбырды ауыстыруға, екі сорғышты жаңалауға қыруар қаржы қаралып отыр. Алдымен оның сметалық құжаты дайындалып, «Жұмыспен қамту-2020″ бағдарламасы бойынша тиісті мекемелерге өткіздік. Егер мақұлдаса, 24 сағат су береміз».

Мұнда соттайтын да адам жоқ

Жастардың ауылды тастап кетуіне жұмыссыздық қана емес, мүлдем жағдайдың жоғы да себеп болғандай. Өйткені, ауылда қарапайым интернеттің өзі жоқ. Қалған жастар көнеден қалған клубты паналайды. Ескі ғимараттың қабырғалары Кеңес өкіметінен сыр шертеді. Алдында Лениннің мүсіні әлі күнге дейін мен-мұндалап тұр.

Ал тәуелсіздігімізден сыр шертіп, ащысайлықтардың патриоттық рухын көтеретін бірде-бір символ жоқ ауылда. «Оны орнатып, клубты жөндеу қаржыға келіп тіреледі» дейді жергілікті билік. Ескі клубтың іші тастай суық, соның өзін місе тұтатын жұртшылық ауыл жастарына арнап, бильярд үстелін орнатып беріпті.

Осы тастай суық ғимаратта ауылдың кітапханасы орналасқан. Одан бөлек акт залдары бар. Күн жылынса, ауыл азаматтары үшін жиналыс өтеді, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал қақаған аязда мұнда жұртты жинау қиын. Десе де, ауылдың белсенді жастары клубты әупірімдеп кәдеге жаратып отыр.

Жасұлан Тәжібаев, Ащысай ауылы клубының жұмысшысы:

– Ауыл жастарына ең бірінші интернет қажет. Сосын клубты жөндеп берсе деген тілегіміз бар. Жастарға демеушілер есебінен музыкалық аппарат алып берді. Бильярд үстелін сыйлады. Үстел теннисі де келді. Кешкісін ауыл жастары осында келіп, тоғызқұмалақ ойнайды. Бірақ, клубтың іші салқын. Тым болмаса бір бөлмесін жөндеп берсе дейміз.

Тәртіп сақшылары Ащысайды қылмыссыз өлке деп атайды. Мұнда ұсақ-түйек құқық бұзушылық тіркелгенімен, оларды ауыл билері-ақ жөнге салады екен.

Бекзат Мәуленов, Ащысай ауылының учаскелік инспекторы:

– Ауыл жастары өзге жаққа жұмыс іздеп кетіп қалған. Көбісі вахтада жұмыс істейді. Ауылда көбінесе зейнеткерлер мен мектеп оқушылары қалған. Ал мектеп оқушылары тәртіп бұзбайды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз