Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
8
USD
427
0.00
EUR
497
0.00
RUB
5.5
0.00

Ауылшаруашылығын дамытудың басты бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды

254

Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. «Кооперациялар туралы» тиісті заң қабылданды. Енді жер-жерлерде үлкен ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкім­дер­мен бірлесіп, елді мекендерде ауыл­шаруашылық өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын», деген болатын.

Сонымен қатар, мемлекеттің қазы­насы биылғы жылдың қорытын­дысында 830 миллиард теңге қосым­ша кіріске толығуы күтіліп отырғандығын, мұның өзі биылғы жылы дағдарысқа қарсы жоспардан шығуға және стратегиялық даму міндеттерін орындау үшін қазіргі проблемаларды шешуге мүмкіндік беретіндігін айта келе, осыған байланыс­ты негізгі үш міндетті атап көрсеткен болатын. Осыған орай «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында жыл соңы­на дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамы­ту­дың мемлекеттік бағдарламасын әзір­леуді ұсынған еді.

«Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл­шаруашылық жерлерін тиімді пай­далануға қатаң бақылау жүргізу тиіс. Ол жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңадан салу есебінен қажетті су көлемімен қам­та­масыз ету керек», деген болатын.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кеше­ніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидияларды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажет екендігін атап көрсеткен еді.

Елбасының осы тапсырмаларына байланысты еліміздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігі «Қазақстан Рес­­публикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы тұжырымдамасының жобасын» әзірледі. Аталған жоба қазіргі күні ел кәсіпкерлерінің қатысуымен кеңінен талқылануда. Жобаның еліміздің ауыл­дарында кооперативтік қозғалысты дамытуға серпін беретіндігі атап көрсе­тілуде.

Осы аптаның сәрсенбісі күні осындай бір мәнді кездесу «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында болып өтті. Бұл бас­қосу ел өңірлерін кеңінен қамтыған онлайн режімінде жүргізілді. Оның жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қатысты. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Қайрат Айтуғанов тұжырымдамада қамтылған мәселелерді кеңінен әңгі­ме­леп берді. Онда агроөнеркәсіптік кешеннің қандай салалары мемлекеттік қолд­ауға ие болатындығы, алдағы бес жыл­да ел аграршылары мемлекеттік қолдаудың қандай түрлеріне ие бола­тын­дығы, осыған дейін қолданыста бо­лып келген мемлекеттік қолдаудың қан­дай шаралары күшін жоятындығы, соны­мен қатар, ішкі рынокты отандық ауылшаруашылық өнімдері және азық-түлік түрлерімен толтыру мақсатында қан­­дай жоспарлардың әзірленіп жат­қан­дығы нақты айтылды.

Сонымен, Қайрат Айтуғановтың айт­ып өткеніндегідей, жаңа мемле­кет­тік бағдарламаны әзірлеу қажет­ті­гі Қазақстанның Еуразиялық эконо­ми­­калық одақтың, Дүниежүзілік сауда ұйымның құрамында жасайтын әре­кет­теріне, сондай-ақ, ғаламдық эконо­ми­када болып жатқан өзгерістер мен еліміз­дегі ішкі үдерістерге байланыс­ты туындаған. Тұжырымдамада агроөнер­кә­сіптік кешенді одан әрі дамытуда Қазақстанның күшті және әлсіз жақ­та­ры­на талдаулар жасалынған. Соған сәй­кес олқылықтарды толтырудың нақты шара­лары көрсетілген.

Мәселен, еліміздің мал шаруа­шы­лы­ғындағы мал өнімдерін өңдеу мен сату ісіне жүргізілген талдаулар еліміздің ішкі рыногында балық, құс еті, шұжық, ірімшік, сүттен алынатын май өнімдері жөнінде импорттың басым екенін көр­сетіп берді. Бұл басымдық жалпылай алғанда 33 пайызбен 67 пайыз ара­лығында болып отыр. Ал қой, сиыр, шош­қа еті жөнінен еліміз өзін өзі толық қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, экспортты қазіргіден әлдеқайда арттыру мүмкіндіктеріне ие.

Енді өсімдік шаруашылығының өнімдеріне келетін болсақ, макарон, өсімдік майы, көкөніс және жеміс-жидек консервілері жөнінде импорт көлемі молырақ. Соның ішінде қант импортының көлемі 97 пайызға дейін жетіп отыр. Ал астық өнімдері, ұн және бірқатар өнімдер жөнінен еліміз ішкі рынокты толықтай қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, оларды сыртқы рыноктарға шығаруда әлемдік деңгейде өз орны бар белсенді ойыншылардың қатарына қосылып отыр.

Тұжырымдамада ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өткізудің және оларды өңдеудің негізгі проблемалары айқындалған. Олардың қатарында бидайдың артық өндірілуі, құрамажем, арпа, құс еті өнімділігінің жеткіліксіздігі, өңделген ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек өнімдері үлесінің аздығы, сиыр, шошқа, қой еті экспорты деңгейінің төмендігі секілді өткір тұрған мәселелер бар. Осы проблемалардың орын алу салдарынан еліміз сыртқы саудада өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,3 миллиард долларды ала алмаған.

Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін бірқатар шаралар қабылданып отыр. Осылардың негізі ретінде басты мақсаттар айқындалған. Соның ішінде 6 түрлі міндетке ерекше көңіл бөлінбек. Егер тоқтала кететін болсақ, олар:

бірінші – мал шаруашылығының тиім­ділігін 58 пайызға, өсімдік шаруа­шылық тиімділігін 40 пайызға дейін арттыру;

екінші – тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту үшін ауқымды ауыл­шаруашылық кооперацияларын дамыту және өнімдерді өткізу мен өңдеу­дің қолдануға тиімді жүйесін құру;

үшінші – ауылшаруашылық тау­ар өндірушілерін барынша кеңінен қам­ти отырып, жалпы сала бойынша мем­лекеттік қолдаудың тиімділігін және қол­жетімділігін қамтамасыз ету;

төртінші – көзделген мақсатқа қол жет­кізуге бағытталған экспорттық саясат­ты іске асыру және органикалық өнім­нің қазақстандық брендін алға жылжыту;

бесінші – 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға қосу;

алтыншы – агроөнеркәсіп кешенін мем­лекеттік реттеуді одан әрі жетілдіру.

Міне, осында аталған міндеттерді ойда­­ғыдай жүзеге асыра алсақ, мұның өзі еліміздің ауыл шаруашылығының дамуына қосымша серпін беретіндігі анық. Соған бір мысал ретінде айта кететін болсақ, соңғы кездерде жүргі­зіл­ген зерт­теулер 1 гектар суармалы жер­дің тиім­ділігі мен беретін пайдасы 1 гектар тәлі­мі жердегіден 30 есеге дейін артып түсе­тіндігін көрсетіп отыр.

Сонда 600 мың гектар суармалы жерді айна­лымға қосу деге­німіз 18 миллион гектар тәлімі жерді іске қосумен бірдей болып шықпай ма? Демек, аталған міндетке жарым-жарты­лай қол жеткіздік дегеннің өзінде мұның өзі еліміздің ауыл шаруашылығы кеше­нінің дамуына әлдеқайда серпін бере­тіндігі анық.

Біз енді жалпы тұжырымдамаға жан-жақты тоқталмай-ақ, оның ішінде бүгінгі күні бүкіл ауыл халқын толғандырып отырған аса бір өзекті мәселе – олардың қолындағы өнімді өткізу мәселесіне тоқталмақпыз. Қазіргі ауыл халқы деге­німіз кімдер? Олар – көбінесе өздері­нің қолындағы азын-аулақ малы мен егістік жерлеріне сүйеніп өмір сүріп жатқан, яғни тек үй шаруашылығымен ғана шұғылданып отырған адамдар. Қазіргі ауыл халқының кем дегенде 70-80 пайызын осындай адамдар тобы құрай­тындығы анық.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін адамдардың бұл топ­тар­ына жергілікті билік тарапынан жет­кілікті көңіл бөлінбей келді. Бұл адамдардың тіршілік көздерін дамыту ісі осы уақытқа дейін қабылданған ауыл шаруашылығы саласындағы бағ­дар­ламалардан тысқары қалып отырды. Неге? Себебі, үй шаруашылығы негі­з­ін­де ұйымдасып тірлік қылудың өзін­дік қиындықтары бар екендігі анық. Мәселен, олардың қолдарындағы мал­дар­ды селекциядан өткізудің, асыл­дандырудың қиындықтары жетіп артылады. Сонымен қатар, әрбір үйден өнім жинап жүру де оңай емес. Оның үстінде әлемдік тәжірибе бойынша кәсіпкерлік субъектісі ретінде ұйымдаспаған жеке шаруашылықтың болашағынан үміт күту де қиын.

Міне, осындай себептерге байланысты осы уақытқа дейін жеке үй шаруа­шылықтарының қолдарындағы малдар көптеген субсидия түрлерінен құ­рал­ақан қалып отырды. Олардың қолындағы өнімді жинау мәселесімен де ешкім шұғылданбады. Енді Елбасы тап­сырмасы арқылы мемлекет нақ осы адамдар тобына көңіл бөлетін болады. Бұдан былайғы кезеңде олар да мем­лекеттік қолдауға ие бола бас­тайды. Біздің ойымызша нақ осы ше­шім біздің қазақ халқының, жалпы, Қазақстандағы ауыл халқының өзін­дік ұлттық ерекшеліктеріне мән бер­ген, сол ерекшеліктерге сәйкес қол­дау шараларын көрсетудің жолдарын қарастырған бірден-бір ұтымды шешім болып отыр.

Мұның мемлекетке, жалпы ел экономикасына беретін пайдасы да аз болмас. Өйткені, қазіргі зерттеулер малдың 70-80 пайызы осы жеке шаруашылықтардың қолында екенін, демек, бұл шаруашылықтардың қолында, егер ұйымдастыра білсе, мол өнім көзі бар екендігін көрсетеді.

Сонымен, еліміздегі үй шаруа­шы­лық­­т­арын дамыту мақсатында мемлекет алғашқы кезекте қандай мәселелерге мән бермек? Оның шет жағасын біз жоғарыда айтып та кеттік. 670 мың ұсақ өндірушінің тауарлы өндіріске қарай тартылатындығын айттық. Әркім өз қолындағы азын-аулақ малмен отырғанда оларды қалай ұйымдасқан өндірі­ске тартуға болады? Мұның жолы белгілі. Әлемдік тәжірибедегі мұ­ның ең тиімді тәсілі осындай жеке шаруа­шылықтардың кооперациясын қа­лып­тастыру және дамыту болып табылады. Міне, мемлекет осындай күрделі мәселені шешуге батыл кірісуді жөн көріп отыр. Біз сөз етіп отырған бағдарламада бұл мәселеге кеңінен мән берілген. Тиісті шаралар қамтылған. Енді осыларға келейік.

Қазіргі күні мемлекет жеке үй ша­руа­­шылықтарының кооперациясын қалыптастыру және дамыту мақсатында қанат­қақты жобаны қолға алды. Осы жоба бойынша кем дегенде 20 үй шаруа­шы­лығы бас қосқан жерде олардың кооперативі ұйымдастырылатын болады. Бұл кооперативтерден бірінші кезек­те сүт өнімдерін жинаудың, содан кейін ет өнімдерін жинаудың тиісті схе­ма­лары әзірлену үстінде. Осыны жүзеге асыру мақсатында сүт қабылдау пункті ашылып, ол тиісті технологиялық құралдармен және сүтті тасымалдайтын көлік түрімен қамтамасыз етіледі.

Мұнда сүттің сапасын және көлемін анықтайтын құралдар болады. Сүт жинайтын адам белгіленеді және кооператив басшысы сайланады. Бұл үдерістердің бәрі ауыл адамдарының қолдауымен ерікті түрде жүргізіледі. Біздің ойымызша, мұндай шараны ұйымдастыруды ауыл адамдары, яғни жеке үй шаруашылығының иелері қолдауы тиіс. Өйткені, кооперативтің олар­ға беретін пайдасынан басқа зияны жоқ. Олардың қолындағы өнімдерді тұрақ­ты түрде жинап алу және оларды өткізу мәселесі шешілсе, мұның өзі әрбір үй шаруашылығы иесінің тұрақты кірі­сін арттыратындығы анық. Яғни ол өз үйінде отырып-ақ, тұрақты жұмыс тапқандай мүмкіндікке ие болады.

Мұның сыртында, мемлекет осындай ұйымдасып тірлік құрып, кооперативке біріккендерге сол кооператив арқылы тиісті субсидиялар бере бас­тайды.

Қазіргі күні мал шаруашылығында субсидияның 33 түрі бар. Өткен 2015 жылы мемлекет осы субсидияларға 69 миллиард теңге бөлді. Яғни, осыншама көлемде тегін көмек көрсетілді.

Енді жаңа бағдарлама аясында осы субсидиялардың 34,5 миллиард теңгені қамтитын 6 түрі қайта қарастырылып отыр. Өйткені, бұл субсидияларды бұрын тек ірі шаруашылықтар алып келген болатын.

Мәселен, ет бағытындағы суб­сидиялардың 60 пайызын 19 ірі мал бордақылау алаңы алып келді. Сүт бағытында да осындай жағдай орын алды. Бұл субсидияны алудың бір шарты оны алушының қолында кемін­де 400 бас сиыр болу қажет еді. Енді осы талап 100 бас сиырға дейін төмен­детілді. Әрине, ауылдағы әрбір үй шаруашылығында 100 бас сиыр бола қоймауы мүмкін. Бірақ 20 адам бірігіп кооператив құратын болса, қол­да­рын­дағы мал санын осынша басқа әб­ден толтыра алады. Міне, олар осылайша мемлекеттің субсидиясына, яғни тегін қолдауына ие болмақшы.

Сонымен қатар, енді кооперативке біріккен үй шаруашылықтары осы арқылы өз қолдарындағы малды тиісті сапалы азықпен қамтуда, оларды асылдандыруда мемлекет қолдауына ие болады.

Жалпы, бұдан былайғы кезеңде бірігіп тірлік құрамыз деген ауылдағы жеке үй шаруашылықтарына басқа да көр­сетілетін көмек түрлері бар. мұндай көмек­тер тек ет пен сүт бағытында ғана емес, сонымен қатар, алдағы уақытта өсім­дік шаруашылығы саласында да ұйым­дастырылатын болады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасында өткен басқосуда оған онлайн режімінде қатысқан ел өңірлер­індегі шаруа қожалықтарының иелері бұл мәселеге барынша қолдау біл­дір­ді. Себебі, аталған іске алдағы уақыт­та тек жеке үй шаруашылықтары ғана емес, сонымен қатар, шағын шаруа қожалықтары да белсенді түрде тартылмақ.

Басқосу соңында Ауыл шаруа­шы­лығы министрінің орынбасары Қайрат Айтуғанов пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев журналистермен жолығып, шағын сұхбаттар берді. Қайрат Айтуғанов сұхбат барысында ауылдағы үй шаруашылықтары кооперативтерін құру ісі қазіргі күні қанатқақты жоба рет­ін­де Қарағанды облысының Нұра ауданында қолға алынғандығын, со­лар­дың тәжірибесі негізінде бұл істі кеңінен насихаттау қарастыры­лып жат­қандығын айтып өтті.

Нұржан Әлтаев жаңа бағдарламаның маңы­зына тоқ­­­тала келе, агроөнеркәсіп кешені сала­­сындағы мұның алдында­ғы ба­ғ­­дарламалар салалық деңгейде бол­са, бұл бағдарламаның Мем­ле­кет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік деңгейге дейін көтеріл гендігін, осыған орай оны жүзеге асыруға тек еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, сонымен қатар, басқа да министрліктердің, экономикалық салалық құрылымдардың қатыса­тын­ды­ғын атап көрсетті.

Сонымен, біз «Қазақстан Респуб­ликасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамалық жобасын ауыл халқы үшін пайдасы мол жаңа бір тарихи шешімді жүзеге асыру құралы ретінде қабылдадық. Іске сәт дейміз ендеше.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз