Атыраудағы №2 соттың судьясы осыған дейін қамауға алынған қалалық ішкі істер басқармасы криминалдық полициясының бұрынғы басшысы Нұрболат Қабдешев пен аға жедел уәкілі Бейбіт Шалтеновты бұлтартпау шарасы ретінде кепілмен босатты.
Кепілдің сомасы көрсетілмеген. Ұсталғандарға ҚР Қылмыстық Кодексінің 308-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде атыраулық экс-полицей Манарбек Өтеуовтің ашық хаты жарияланып, кеңінен таралған болатын. Нақтырақ айтсақ, Атырау қаласы Ішкі істер басқармасының бұрынғы қызметкері, 23 жастағы Манарбек Өтеуов 2015 жылдың тамызында басшыларының бұйрығымен адам өлтіргенін мойындап, хат жазған. Ол хатында адамдардың нақты аты-жөндерін атап, қалалық полиция қызметкерлерінің бірнеше кәсіпкерлерді “крышавать” ететінін айтады.
“Басшыларымның бұйрығымен мен Атырау қаласының тұрғындары мен кәсіпкерлеріне қатысты 100-ге жуық қылмыстық іс жасадым. Ақша төлемегендерді түрмеге отырғыздық, оларды шығару үшін 500 мың теңгеден 7 миллион теңгеге дейін ақша талап еттік. Атырау қалалық ішкі істер басқармасы осылайша ауқымды бизнес-орталыққа айналды”, – деп жазған Өтеуов хатында.
Сонымен қатар, Атырау облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері Өтеуовтің үстінен 16 қылмыстық эпизод бойынша іс қозғалғанын, оның ішінде адам өлімі мен жалған құжат жасаудың бар екенін айтты. Қазіргі уақытта экс-полицей қамауда отыр. Іс сотта қаралады.