Нұр-Сұлтан
Қазір
16
Ертең
10
USD
446
-0.83
EUR
475
-0.80
RUB
4.78
-0.01

Атырауда су жаңа көпқабатты үйге қоныс аударған тұрғындар пәтерлерінен құтыла алмай отыр

112

Үйді салған компания өкілдері де жаңа үйде кем-кетіктің уақытша болатынын айтып, шығарып салған екен. Осы жағдайдың биыл да қайталанғанына ашуланған нұрсаялықтар енді жауаптыларды іздеп, жан-жаққа сабылып жүр.

20 жылға жуық апатты үйде тұрып, былтырғы желтоқсанда жаңа пәтердің кілтін қуана алған Қалила Жалғасбаева қазір бұл жерден қашып кеткісі келіп отыр. Өйткені жылытқыш қосып, бір бөлмеге тығылып отыруға мәжбүр. Одан қала берді үнемі суланып жататын еден мен сыз басқан бұрышты сүртіп әлек.

Бұл – «Нұрсая-2» ықшамауданындағы үй тұрғындарының басындағы жағдай. Осындағы 108 пәтердің тұрғындарының талабын ала шыққан бастамашыл топтың айтуынша, әр пәтер айына 20 мың теңгеге дейін коммуналдық қызметке төлейтін көрінеді. Тіпті аты болғанымен, заты жоқ жылу үшін де қыруар қаржы төлеп отыр.

“Жарыққа  8 000 төлеймін, парға деген 12-13 000 төлеймін. Балаларым кішкентай, күйеуім жұмыста, үшеуміз бір бөлмеде  отырамыз”, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Қарлығаш Қалиева.

“Мынау масқара емес пе?  Бір-біріне сілтейді. Қалай өмір сүреміз?  Ақшасын ай сайын төлейміз”, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Роза Рысмағамбетова.

Осы үйдің құрылысын жүргізген мердігер компания басшылары да бір жылғы жырдан шаршаса керек, өздері келмей, өкілін жіберіпті. Бірақ, ол да оңдыртпай, бар бәледен аулақ дегендей, бар кінәні басқаларға аудара салды.

“Пәтер иелері кооперативі жылуды тоқтатып тастап, дұрыс бермей отыр. Әзірге ақаудың неден болғанын анықтай алмай жатырмыз. Енді осы мәселені шешу үшін коопертивпен бірге қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз”, – дейді мердігер компанияның өкілі Азамат Алдашев.

Ал қызметімізді мінсіз атқарып отырмыз деген кооперативтегілер, мәселені шешеді деп мердігерден дәмеленіп жүргенге ұқсайды.

“Бұл жерде құрылыс компанияларынан болып тұр. Себебі сол ма деп отырмыз. Істейміз деді. Сол нәтижені күтіп отырмыз”, – дейді «Атырау қалалық тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС басшысының орынбасары Темірболат Қабиев.

Әзірге екі жақ бір-бірімен келісімге келіп, кем-кетікті іздеп тапқанша, нұрсаялықтар суық пәтерде бүрсең қағып жүре тұратынға ұқсайды. Ал пәтер иелері кооперативі өкілдерінің сөзіне сенсек, мердігер мәселені тезірек шешпесе, сот арқылы сөйлесеміз деп отыр.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз