Атыраулық Гүлзия Бекболат жеті айлық ұлының өліміне жекеменшік балабақша қызметкерлерін кінәлап отыр. Оның айтуынша, балабақша мамандары сәбиге дұрыс қарамаған, тіпті зорлық көрген болуы мүмкін деп күдіктенеді. Сараптама нәтижесінде нәрестенің денесінде қатты заттан алған соққы ізі анықталған.
Оқиға өткен жылдың қазан айында болған. Анасының айтуынша, балабақша баланың жағдайы нашарлағаннан кейін ғана хабарласқан. Алғашында пневмония диагнозы қойылғанымен, анасы бұған сенбей, істің тергелуін талап етеді. Қазір ол балабақша қызметкерлерінің заң алдында жауап бергенін қалайды.
Полиция сараптама қорытындысы бойынша қылмыстық құрам анықталмағанын айтып, істі жапқан. Бірақ отбасы тергеудің қайта жүргізілуін және кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр.