Басымнан өтіп жатқан мына бір мәселені сіздермен бөлісе отырғанды жөн көрдім. Бәлкім бұл көптеген азаматтарға сабақ болар.
Жағдай былай, мен өз аталасымның қызына үйленген адаммын. Олар көрші ауылда тұрды. Туыс болған ара-тұра барып тұратынмын. Сөйтіп жүріп Ақнұрды ұнатып қалғанымды білмей қалдым. Ол да солай.
Екеуіміз бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтын халге жеттік. Әрине, мұны байқап қалған ағайындар «Бұларың не, қазақ жеті атаға дейін аталас туысқа саналып, отбасы құруға рұқсат етілмеген.
Балалық жасамаңдар. Сүйекке таңба болады. Ертең балаларың мүгедек, кемтар болып туады. Қасіретін өздерің де, балаларың да тартады», деп басу айтқан, тіпті ұрсып айтқандар да болды.
«Осыны түсінбей отыр…». Асқар Жұмаділдаев қазаққа керек нәрсені айтты
Бірақ жастықтың қызуы ма, әлде Ақнұр екеуіміздің бір-бірімізге деген махаббатымыздың күштілігі ме, әлгі айтқандардың ешқайсысын құлағымызға ілген жоқ едік. Сонымен мектепті бітіріп, оқуға тапсырдық. Ол ҰБТ дан сәтті өтіп, студент атанды. Мен өте алмадым. Әскерге алындым.
Бірақ ол да Ақнұр екеуіміздің қатынасымызға бөгет болмады. Ақнұр Алматыда оқыды. Мен де сол қалада орналасқан бір әскери бөлімде азаматтық борышымды өтедім. Ол келіп тұрды.
Бір жыл деген не, зу етіп өте шықты. Әскерді бітірісімен мен Алматыдағы бір шағын компанияға жұмысқа тұрдым. Ақнұр жатақханадан шығып, менімен бірге болды.
Былайша айтқанда, бірге пәтер жалдап тұрдық. Мұның бәрін ауылдағылар білген жоқ. Білгенде әңгіме басқаша болар ма еді. Сөйтіп жүріп Ақнұр жүкті болды. Тек ол тууға перзентханаға түскенде ғана «Жағдай осылай болып қалды. Ренжімеңдер» деп екі жаққа да телефон шалып, кешірім сұрадым. Ауылдағы бүкіл туған-туыс тулап барып басылды. Кейінен кішігірім той жасадық.
Бір өкінішті жағдай, дүниеге келген қызымыз даун дертіне шалдыққан, мүгедек болып қалды. Сонда ғана ағайын-туыстың «аталастар қыз алыспайды, арты жаман болады» дегені еске түсіп, бармағымды тістеледім.
«Жарайды, алғашқы бала солай болды екен деп келесі баладан үміт үзбейік. Анау көрші өзбектер де туған-туысына үйленіп жатыр ғой. Ауырып, қырылып жатқаны шамалы. Қайта қоян секілді көбейіп, демографиясы өсіп бара жатыр. Мүмкін, келесі баламыздың дені сау болар» деп ойладық.
Әйелім тағы босанды. Құдайдың бізге жіберген зауалы ма, білмедім. Бұл қызымыз да тым дімкәс болып шықты. Міне, жеті жасқа келді. Тілі күрмеліп, дұрыс сөйлей алмайды. Апармаған жеріміз жоқ. Бәрі жұбатып «жақсы болады» деп шығарып салады. Басқа түскен соң бәріне көнеді екенсің. Тағы бала көруге қорықтық. Өйткені осы екі баланың мүгедектігі де оңайға тиіп жатқан жоқ.
Кейде әйеліміз екеуіміз бір-бірімізді кінәлап «неге үлкендердің сөзін тыңдамадық. Неге туыс бола тұра үйлендік» деп ренжісіп жатамыз.
Рас, атамыз қазақ жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алыспай, қанның тазалығын сақтап келгенінің осындай себептері бар екен ғой. Кеш түсіндік.
Ажырасып, басқаға үйленейін деген ой жоқ. Өйткені мүгедек болса да балаларымды қимаймын. Мен кетсем оларға жалғыз шешесінің әлі келе ме? Әрине, жоқ. Әйелім екеуміз «не де болса, өле-өлгенше осы екі баланы асырап-қағып өтеміз», деп отырмыз.
Бұл біздің басымыздан өткен жағдай өзгелерге сабақ болсын деген оймен әлеуметтік желіге жүктедім. Жақыныңызға жолай көрмеңіз, бауырым.
Ермахан Бапи
«Анау Төре. Мынау қара қазақ». Төренің жігітіне қазақтың қызы неге тең емес?