Астанадағы халықаралық әуежайда жүктерді тексеру барысында ер адамнан металдан жасалған кастет табылды, деп хабарлайды patrul.kz.
Желілік полиция бөлімінің шұғыл-криминалистикалық топ маманы берген тұжырымдама бойынша бұл зат қолдан жасалған ұрып-уатқыш қабілеті бар суық қару деп танылды.
«Астана қ. Есіл аудандық №2-сотының үкімі бойынша А. есімді азамат ҚР ҚК-сінің 287-б. 1-тарауына сай («Жеке және заңды тұлғалардың қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы») айыпты болып танылды. Оған жаза ретінде 100 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды», – делінген Астана қ. сотының баспасөз қызметі берген ақпаратта.
Анықтама: 1 АЕК = 2269 теңге.