3 шілде – Халықаралық полиэтилен пакеттерінен бас тарту күні. Айтулы дата экологиялық мәселелерге көңіл аударып, қордаланған мәселелерді шешуге үндейді. Елімізде де бұл бағыттағы жобалар қолға алынған. Солардың бірі пластик қалдықтарын кәдеге жаратып отырған астаналық Руслан Орынтаевқа тиесілі. Оның шағын зауыты қазірдің өзінде жылына 100 тонна қалдықты өңдейді.
Кәсіпкер 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде қаланы абаттандыруға керекті орындықтар, қоқыс шелектерін дайындайды. Бірақ өнімдер санын көбейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтқысы келеді.
«Биыл зауытымызды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Өндіріс көлемін арттырып, өнім санын 15-ке жеткізгіміз келеді. Қазір кәріз құдығының қақпағына, қоршаулар, торлар, жол төсеніштеріне сұраныс бар. Сол бағытта жұмыс істейміз», – дейді кәсіпкер Руслан Орынтаев.
«Жасыл даму» АҚ Қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері Нұржан Дүйсебайдың айтуынша, қазір акционерлік қоғам 377 млн теңгедей бөледі.
«Екінші кезеңде тұр. Жақында ақшаны алғаннан кейін одан да жақсартады. Жалпы айтқан кезде 64 жоба бар. Соның қазір 26 жобасына ақша бөлініп, жұмыс істеп жатыр», – деді ол.