Қазақ елі демін ішіне тартып, тағатсыз күткен ЕХРО-2017 көрмесі ашылды. Сарыарқаның төрінде 19 мемлекет басшысының қатысуымен көрменің ресми ашылу салтанаты өтті.
Бұл туралы “Хабар 24” хабарлайды.


Бес жыл бойы бүкіл қазақ елі күткен «Астана ЭКСПО-2017» – қай елде өтсе де танымалдылығы жағынан ең ауқымды шаралармен тең тұратын маңызды оқиға. Мұнда тек ғалымдар мен мемлекет басшылары ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылады.

ЕХРО-2017 кешенінде 155 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның павильондары жайғасқан. Үш айдың ішінде маңызды шараны тамашалауға 5 млн адам келеді деп жоспарланып отыр.

Мәртебелі меймандар Конгресс-орталығында өткен театрландырылған қойылымды тамашалады. Инновациялық шоу ғарыш, күн, жел мен судан алатын жасыл энергияның маңыздылығын паш етті.

Ұйымдастырушылардың мұндай идеяны бейнелеуі бекер емес. Өйткені Астанада өтіп жатқан ЕХРО-ның тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Шара барысында Қазақстанның Мемлекеттік туы мен Халықаралық бюролар көрмесінің туы шығарылып, еліміздің және бұл ұйымның әнұрандары орындалды.

Содан кейін ЕХРО-ға қатысатын 115 мемлекеттің және 22 халықаралық ұйымның байрақтары сахнаның ортасынан орын тапты.
https://youtu.be/e0aAj-ZdW70
https://youtu.be/odrRrs9U68Y