Нұр-Сұлтан
Қазір
12
Ертең
14
USD
449
+0.67
EUR
479
+1.25
RUB
4.79
0.00

Астанада „Тоқал„ фильмінің таныстырылымы өтті

102

Түсірілім өткен жылы тамыз айында Алматы мен Лос-Анджелес қалаларында өтті. Сценарий авторы және режиссері Евгений Чельцов (Ресей), бас продюсер – Гаухар Нұртас. Сондай-ақ фильмнің өндірісіне атқарушы продюсерлер: Арманжан Байтасов (Қазақстан, бас­ демеуші), Олег Абдулқабіров (Қазақстан), Кевин Фу (Ұлыбритания) және Стив Браун (Америка) қатысты.

Картинадағы басты рөлдерді Гаухар Нұртас (Бота), Жәнел Мақажан (Кәмила), Ерік Жолжақсынов (Қайрат) және Тұңғышбай Жаманқұлов (Темірлан) ойнайды. Кинокартина ауқатты әулет туралы баяндайды.

Отбасының ұйытқысы болуы тиіс Бота қоғамдық жұмыстармен айналысамын деп ері мен балаларынан алыстап кетеді. Отағасы Қайрат болса, келбеті келіскен Кәмила есімді бойжеткеннен алданыш табады. Бәрін білген Бота бәйбіше рөлімен келісіп, отбасын сақтап қалуға тырысады. Бірақ сезімге берілген Қайрат жас әйелін таңдайды. Сөйтіп жанұясынан да, беделді қызметінен де айырылады. Оның жаңа отбасын асырау үшін жұмысқа орналасу талпыныстарынан ештеңе шықпайды. Ақыры, жүк көлігінің жүргізушісі болып күнелтеді.

Сананы тұрмыс билегеннен кейін «жас жұбайлардың» арасындағы сезім бірте-бірте көкке ұша бастайды. Қайрат балалы-шағалы, тоқшылықтағы бұрынғы өмірін сағынады. Күндердің күнінде жас әйелінен кетуді шешеді. Ол уақытта заңды некедегі әйелі Бота болған жәйттарды ой елегінен әбден өткізіп, бір қорытындыға келген болатын. «Мені қымбат көретін әрі маған қымбат адамдар жанымда бар» деген шешіммен Қайратты қайта қабылдағысы келмейді.

Сөйтіп, нәзік жандылардың екеуі де Қайратсыз, ал Қайрат екеуінсіз қалады. Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, оқиға желісін Гаухар Нұртас жазып шыққан, кейін оны Евгений Чельцовтың назарына ұсынған.

Е.Чельцовтың айтуынша, Ресейде тоқал мәселесі бар болғанымен, ол басқаша аталады әрі оған көзқарас бөлек. Картина авторлары бұл мәселе барлық ұлттарға жақын, ер адамның екі оттың арасында қалуы барлық ортада кездеседі дегенді айтуда.

«Бұрын тоқалды бәйбіше бала көтере алмағанда, әулеттің ұрпағын жалғастыру үшін алған. Болмаса, ағайындылардың бірі көз жұмғанда, оның әйелі мен бала-шағасы қаңғып қалмас үшін, бауырларының бірі тоқалдыққа алған. Ал тоқалдың бүгінгі феномені ата-баба дәстүрін жаңғыртып отыр деп айта алмаймын. Біз бұл фильммен ешкімге ақыл айтқымыз келмейді, догмалар туралы айтпаймыз», – дейді Гаухар Нұртас.

Ал тоқалдың рөлін ойнаған Жәнел Мақажан картинаға түскеннен кейін өзі үшін құндылықтарды қайта бағалап шыққанын атап өтті. Тоқалды сомдау көңіліне жақпағанын әрі «шынайы өмірде мұндай рөлмен келіспес едім», дегенді айтып отыр. Сондай-ақ ол, төсектегі қарым-қатынас көрінісіне түсуден бас тартқанын жеткізді.

Режиссер ол эпизодқа дюблерды жалдаған. Фильм режиссері Евгений Чельцовтың айтуынша, ол сценарий бойынша бір жарым жыл бойы жұмыс істеген. Әу баста қазақтың бизнесменін, яғни Қайраттың рөлін америкалық актер Марк Дакаскос ойнауы тиіс болған. Ол бұл рөлге қуана келісіп, алғашқы түсірілімдерге де қатысқан.

Алайда, фильм туралы жарнама интернетке түскеннен кейін, Марк Дакаскостың кезекті рет қазақтың рөлін сомдауы халыққа жақпаған және олар өз пікірлерін әлеуметтік желілерде қызу білдіре бастаған. Бұдан кейін авторлар басты кейіпкерді ауыстыру шешімін қабылдап, орнына актер іздестіреді. Ұзаққа созылған ізденіс жұмыстарынан кейін кездейсоқ Ерік Жолжақсыновқа кезігеді. Жолжақсынов ресейлік режиссерға бірден ұнаған. «Тоқал» кең прокатқа 8 желтоқсан күні шығады. Фильм бір мезгілде Моңғолия, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінде көрсетіле бастайды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз