Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
17
USD
447
0.00
EUR
476
0.00
RUB
4.79
0.00

Астана – сәтсіз атау. Оны Алашорда деп атасақ қайтеді?

157

Бірақ, бұ депутаттарды қойшы, өзіміз ойланып көрейікші. Шын мәнінде бізге Елордамызды қалай атаған жөн?

Астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысып, оның аты Астана деп аталғанда-ақ жұрттың көбі «бұ қалай» деп еді. Астананың Астана деп аталуы балалар тұрмақ, үлкендердің өзін жаңылдырған.

Бірақ билік қоймады, 1998 жылдың 6 мамырында Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласының атауы Астана болсын» деген жарлығына қол қойып тастады.

Бұ бейшара қаланың аты қалай өзгермеді: 1832 жылдан бері Ақмола деп аталып келген, 1961 жылы Хрущев оны Целиноград деп өзгертті. Енді Астана атауы тағы да өзгерейін деп тұр.

Жағымпаздық қайдан келген?

Негізі, Астана деген атудан құтылу – өте дұрыс бастама! Бірақ оның атауын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыру қаншалықты дұрыс?

Тарихы терең халқымызда Астанаға жарасатын атаулар жетерлік. Мәселен,

белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы «Астананы Алашорда деп атайық» деп ұсыныс жасады.

Оның айтуынша, елордамызды Астана деп атау сәтсіз бастама болған. Сондықтан да ол Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 25 және Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына орай елордамыздың Алашорда деп аталғаны жөн деп отыр.

Бұл ұсынысқа әлеуметтік желідегі азаматтардың басым көпшілігі қызу қолдау білдіруде. Солардың бірі – белгілі алаштанушы, әрі алаш арысы Қошке Кемеңгерұлының шөбересі Қайырбек Кемеңгер. Оның айтуынша, Астананы Алашорда деп аталуға бірнеше негіз бар.

– Әлихан Бөкейхан 25 жыл емес, барлық саналы ғұмырын Алашорданы құруға арнады ғой. Соның арқасында 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылып, оның астанасы 3 жылға жуық Семей қаласы болды. Әйтсе де ұлт қайраткерлері Семейдің бір бөлігін Алаш қаласы деп өзгертті. Сол кезде жан-жақтан сайланып келген 82 депутат «елдің астанасын Әлихан деп атайық» деген сорақы ұсыныс жасаған жоқ қой. Олардың ойынша, Алаш қазақты біріктіретін ұғым, сондықтан да елдің астанасы Алаш қаласы болсын деп шешім шығарды. Ал бүгінгі депутаттардың ұсынысы таза жағымпаздану деп ойлаймын. Қошке Кемеңгерұлының «Жағымпаздану қазақтың қанында болмаған. Бұл дерт қазаққа патша үкіметіне бағынғаннан кейін пайда болды» дейтін сөзі бар. Өкінішке қарай, Қошке айтып кеткен дерттен әлі күнге дейін айыға алмай келе жатырмыз, – дейді Қайырбек Кемеңгер.

Иә, Қуаныш Сұлтановтың ұсынысын жасампаздық дей алмаймыз.

Бұл – барып тұрған таза жағымпаздық шығар!

Өйткені бұған дейін мемлекет басшысының өзі «Астананы Нұрсұлтан қаласы деп өзгертудің қажеті жоқ» деп айтып қалған.

Бұл жолы да президент жағымпаз депутаттардың аузына құм құятын шығар. Үміт бар ондай.

Шыны керек, астананы Алашорда деп атасақ, нағыз нұр үстіне нұр болар еді. Себебі ұлт тарихындағы алаш арыстарының еңбегі әлі де болса лайықты бағасын алмай келеді.

864442

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз