Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Асхат Тарғынды төбелестірген менмін”. Жан Ахмадиев “скандал” жасағыш екен

— Жоқ, қазір шығармашылығым тұралап қалды деп айтпас едім. Керісінше, жаңа ойлар, тың идеялар іздеп жүрмін. Негізі, өзім журналистика мамандығын игеріп шыққанмын. Сол саладан да алыстап қалмайын деген оймен қазіргі кезде «Неге солай» деген бағдарламаны тізгіндеп жүрген жайым бар. Онда түрлі өнер адамдарын сұхбатқа шақырып, тек шындықты ғана естуге, баяндауға тырысамыз. Ол бағдарламаны youtube желісінен қарап, тамашалауға болады. Қазірдің өзінде рейтингі өте жоғары. Ал «Қазақпыз ғой» әніне келетін болсақ, бұл әу баста атақ қуғандықтан емес, шынайы қоғамдағы жағдайлар шымбайға батқандықтан шыққан дүние еді. Кейін халықтың сұранысы артып, артынша оның бірнеше нұсқасын ұсындық. Ешбірі де елеусіз қалған жоқ, бәрі қолдау тапты. Көпшіліктің қолдауы әрине, адамға шабыт сыйлайды, сөйтіп бес-алтауын жаздырып, таратып жібердік. Қазір де бұл тақырыпты ары қарай жалғастыруды ойластырып жүрмін.

Соңғы кездері мені кезінде Қазақстанның суын ішіп, ауасын жұтқан адамдардың қазір шетелге тайып тұрып, біздің елге қырын қарауы ойландырып жүр.

Отанына шекеден қарағандарды да ел-жұрт, кейінгі жастар білуі керек. Мүмкін, келесі «Қазақпыз ғойды» осы тақырыпқа арнап қалармын. Ал қысым көрдіңіз бе дегенге келетін болсақ, мен ешкімнен қорықпаймын. Өз отанымда, өз жерімде жүріп ешкімнен қысым көрмейтінім анық.

Қыздардан ұят кетті

– Өлеңдеріңіздің тақырыптарын айғайлатып қоюға шеберсіз. Бұл көрермен жинаудың тәсілі ме?

— Бір жағынан солай да шығар. Мен мәселе қалай бар, солай көрсеткім келеді. «Қазақпыз ғой» деген тақырып та қарапайым. Бұл сөз тіркесі біздің қоғамда әдетте жиі қолданылады. Ал бұл айтылғанымен қаншалықты өзін ақтап жатыр? Оған жете мән беріп жатқан тағы ешкім жоқ. Осылай айтып шығарып едім, көпшіліктің ықыласына бірден бөленіп кете барды. Ал сіз менің одан кейін шығарған «Темір қатын», «Қыз емессің» деген туындыларымды меңзеп отырған боларсыз. Менің ұстанымым сондай — барды бар қалпында шынайы күйде беру керек. Сондықтан мұның еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. Әйелдерге қатысты шығарылған соңғы екі әнді де толық тыңдап шыққан адам барлығын ұғынықты түрде түсінеді. Бізде қазіргі таңда қыздан ұят кетіп, әйелдердің ары төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Олардың өз күйеулеріне опасыздық жасауы және еш қымсынбастан жария етуі бұл жақсылыққа бастайтын қадам емес. Мен тек өлең арқылы қазақ қыздары арлы, ұятты болса екен деген тілекті астарлап жеткізгім келеді.

«Қара пиар» жасағышпын!

— Жалпы, бізде рэп қаншалықты дамыған? Өз эстрадамызда лайықты деңгейде бәсекелестік бар ма?

— Мен өзім рэп айтпай тұрып бірқатар рэперлермен жұмыс істеп көрдім. Олардың жарнамасын мойныма алып, жүгіріп те көрдім. Сонда менің бір байқайтыным, біздің рэперлер орындау мен жеткізуге шебер болғанымен, сөз таңдауға, сөз жазуға келгенде шабандап қалып жатады. Ал бұл өте маңызды нәрсе. Әдеттегі поп әнші болсаңыз, онда ақын жазып берген мәтінді тамылжытып айтып шығуға болатын шығар. Рэпер дегеніңіз, мейлінше өзі жазып орындаса, шынайы шығар еді. Әрі бұл жанр өте жылдам орындалатындықтан да өзгенің жазып бергенін жаттап алып, сіңіру де оңай емес. Сол себепті мен рэпке келгенімде өзім мәтін жазып, өзім ұйқастырып, толыққанды шығармашылықпен өзім айналыстым. Көңіліме жаққан сөзді тікесінен айтып саламын, жақпаған сөзді сол заматта өшіре саламын, яғни, еркіндігім бар. Тағы бір айта кетерлігі, бізде рэперлер бір жарқ етіп көрінсе, одан кейін ұзақ уақытқа ұмытылып қалып жатады. Тұрақтылық жетіспейді деуге болады. Егер ол мейлінше жиі ән жазып, оны халыққа жеткізіп тұрса, шығарған өлеңінің де әсер ету күші жоғары болар еді, өзі де жақсырақ таныла түседі.

Мамандығым журналист болғандықтан ба, өзім жарнамаға, пиарға жақынмын. Бірнеше жыл болып қалды, біраз өнер адамдарына «қара пиар» жасап берумен айналысып жүрмін. Қарап отырсам, бұл ешқандай да жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес. Батысты, болмаса көрші Ресейді алып қарасаңыз, мұндай бағыт әлдеқашан дамудың даңғыл жолына түсіп кеткен. Шоу-бизнес болғаннан кейін у-шу, дау-дамай, сыртынан суретке түсіріп алу, фанаттардың сүйікті әншісінің ізінен аңдуы сияқты көріністердің болуы заңдылық және ол міндетті түрде болу да керек. Ал егер әнші тек әнін ғана айтып, түзу барып, түзу қайтып, үнемі ақылды қырынан ғана көрініп жүрсе, онда ол туралы ешқандай жарнама, пиар ұйымдастыру мүмкін емес. Себебі ол адам көрермендерді қызықтырмайды. Оны тек өнерін сыйлайтын, құрмет тұтатын белгілі бір аудитория ғана тыңдауы мүмкін. Ал көрерменге шым-шытырық оқиға керек. Біз тыңнан түрен салып жатқан жоқпыз, қазіргі өнер, заманауи эстрада соны талап етеді. Әрине, солай болу керек екен деп шектен шығып кету міндетті емес. Құндылықтарды аяққа таптамай-ақ, керекті «қара пиарды» сәтті жүзеге асырып, көрермендерінің қарасын арттырып та жүре беруге болады. Осы тұрғыдан біраз әншілерге ақыл-кеңес беріп келе жатқаным рас. Әлбетте, бұл қызметім үшін ақы аламын. Бірақ, қатып қалған бағам жоқ. Ол атқарылар шаруаның ауқымына, әншінің қалтасының қалыңдығына байланысты. Бірақ, менталитеттен бе, біздің әншілер «өздерінің бастары дауға қалатын» оқиғадағы рөлді ойнап шығуға жүрексінеді. Осыдан кейін жаман атқа қалып қоямын, қоғамның маған деген көзқарасы өзгеріп кетеді деп қауіптенеді. Бірақ, сол өзгерген қаншама көзқарастың оған одан да көп жанкүйер мен көрермен алып келетінін есте ұстау керек. «Қара пиар» сонысымен де мәнді. Себебі ол туралы таралған дақпырт ел-жұрттың арасын кезеді, әңгіме болады, белгілі бір деңгейде оған деген қызығушылықты оятады. Жақсы көретін тыңдарман оның жеке өмірі, ұстанымы, ақыл-ойына қарамастан, тек шынайы өнері үшін жақсы көре береді. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Ең бастысы жақсы ән жаз, есесіне өзіңнің есіміңді елдің ауызынан түсірмейтін «шуды да» шығарып қоюды ұмытпа. Сонда ғана әнші шоу-бизнесті дамытады, оның белді мүшесіне айнала алады.

Асхат Тарғынды төбелестірген менмін

— Біздегі «қара пиарлар» неге сенімсіз болып қала береді. Мәселен, біраз уақыт бұрын әнші Сиви мен Ринат арасындағы дау елге тарады. Бірақ, жұрт оның ұйымдастырылған нәрсе екенін ә дегеннен байқап қойды…

— Рас, сенімсіз шығып жатады. Себебі, әншілеріміз тым сенімсіз ойнайды немесе тым асыра сілтеп жібереді. Қай нәрсенің де ортасын ұстай алса, ол барынша нанымды шығатын еді. Мысалы, сіз айтып отырған Сивидің көліктің жарығын сындырып тастайтын оқиғасын мен ұсынғанмын. Бірақ, олар тура айтқандай істемеген және мүлде ойдағыдай шықпай қалған. Бостан босқа ел-жұрттың алдында өздері ұятқа қалды. «Мыналар кімді мазақ қылып жатыр?» деп жұрттың бәрі жазып жатты әлеуметтік желіде. «Қара пиарды» ұйымдастыру кезінде өзіндік қарапайым заңдылықтарын сақтауға болады ғой. Ал Сивидің жағдайында құдды дайындалып кино түсіріп жатқан секілді. Ол жердегі ұялы телефонның түсірілімі де, басқа жағдайлар да кездейсоқ, кенеттен түсірілгендей әсерде болуы керек. Осы қағиданы басшылыққа алмай, «қара пиар» сәтті жүзеге аспайды.

Асхат Тарғынның асабамен төбелесін өзім ұйымдастырып бердім. Ол да ойланып біраз жүрді.

Келешекте сәтті пиар-жүрістер жасай алатын, әншілерге өзінің ресми қызметін ұсынатын компания ашқым келеді. Ал өзімді эстраданың нағыз өкілімін деп санамаймын. Мен рэпті таза өзімнің қызығушылығыммен айтып шықтым. Одан мен қырып-жойып табыс тауып жатқан жоқпын.

Ақжігіт Қазбек

baq.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз