Қарағандыда 29-қыркүйекте облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі „Алматы-Астана„ бағыты бойынша „Қос астана„ велошеруінің ерекше қатысушыларын қарсы алып, қала ішімен алып өтті.
Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері зағип жандардан тұратын ерекше велошеру тобымен Қарағанды облысының барлық территориясында бірге жүріп, олардың қауіпсіздігіне кепіл болып, жолға шығарып салады. Бұл туралы Қарағанды облыстық жергілікті полиция қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зағип жандар мұнымен өзінің патриоттығын паш ете отырып, адамда ниет болса, оған ештеңе шектеу болмайды, тіпті денсаулығында кінарат болса да дегенді баршаға дәлелдеп бермек.
Еске сала кетелік, 2016 жылдың 8 айында Қарағанды облысында велосипедтің қатысуымен 13 жол көлік оқиғасы тіркелген, оның 11-інде велосипедті тізгіндеуші зардап шеккен, екеуі мерт болған.