Теңгенің қатты ауытқуы 2021 жылдың соңына дейін созылады деп болжануда. Сонда алдағы күндері теңге бір доллар үшін 435-437 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін.
Шетелдік инвесторлардың рубльдік облигациялардан қашуы Ресейге санкциялық қысым ретінде әсер етті.
Рубль дамушы елдердің валюталары арасында нашар динамика көрсетуде, өткен жылдың қараша айынан бастап алғаш рет бір доллар үшін 78 рубльден асты
Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайдың шиеленісуі Ресей валютасына да әсер етуде.
Спикер жалпы дамушы елдердің валюталарына қысым АҚШ МБҚ табысының өсуіне және эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы төңірегіндегі белгісіздіктің күшеюіне байланысты жалғасып отырғанын атап өтті.
Валюта бағамына әсер ететін сыртқы факторлармен қатар Тұрсынханов ішкі факторларды да атады.
– Іскерлік белсенділік индексінің көрсеткіші оң аймаққа өтіп, наурыз айында 50,6-ны құрады және 2020 жылдың басынан бастап алғаш рет 50-ден асты, – деді Ұлттық банк өкілі. – Іскерлік белсенділікті қалпына келтіру кәсіпорындардың операциялық және инвестициялық қызметі шеңберінде шетел валютасына сұраныстың өсуіне ықпал етеді.
Бұдан басқа, сәуір айының басынан бастап Қазақстан компаниялары дивидендтерді төлеуге кірісті, оларды ішінара акционерлер айырбастуда және валюта нарығында қосымша сұраныс тудыруда.
Экономист Арман Бейсембаев ресейлік және қазақстандық валюталардың өзін ұстауы санкциялық үдерістің айналасындағы оқиғалар қандай сценарий бойынша дамитынына байланысты деп есептейді.
– Рубльдің құлдырауы мен Ресейдің айналасындағы саяси ахуалдың нашарлауын ескере отырып, бір доллар кросс-бағам бойынша 442-443 теңгеге түседі деп күтуге бола ма?
– Әрине біржақты айту қиын. Біз теңгенің бағамы рубльмен салыстырғанда біршама төмендегенін көріп отырмыз. Жалпы, рубльде теңгенің қатты құбылмалылығы тәрізді құбылмалылық болған жоқ.
Қазір бір доллар 77 рубль деңгейінде тұрақтандыру бар. Әрине, рубльдің әлсіреуі жалғасу ықтималдығы бар. Ондай жағдайда теңге рубльдің соңынан кетеді. Рубль мен теңге арасында тәуелділік бар, бір валюта әлсіреген кезде екіншісі де әлсірейді.
— Мен қай деңгейге дейін екенін айта алмаймын, өйткені жағдайдың дамуының әрдайым үш сценарийі бар – базалық, оптимистік және пессимистік.
Базалықта рубль бір доллар үшін 80-нің аймағына дейін әлсірейді және осы деңгейде тұрақтанады. Теңгенің бағамы қазір 433-ке жетті, біз оның бір доллар үшін 435-440-қа дейін әлсірегенін көре аламыз. Содан кейін, тұрақтандыру орнайтын шығар. Біз мұндайды 2018-2020 жылдары рубльден бірнеше рет байқадық. Жаңа санкциялар қаупі туындаған кезде рубль жылдам құлдырайды. Бірақ содан кейін ұзақ мерзімді перспективада күшейе бастайды. Рубль қатты әлсірегеннен кейін қандай да бір тәсілмен кері қайтару жасалады, өйткені еркін құбылмалы бағам ерте ме, кеш пе барлық қауіптер нивелирленеді деп болжайды. Бұл экономика жаңа жағдайларға бейімделеді.
Тұрақтанғаннан кейін бір доллар 75 рубльге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда біршама әлсірегеннен кейін теңгенің де нығаюға мүмкіндігі бар
Егер жаңа санкциялар енгізілмесе және мұнай бағасы өссе, оптимистік сценарий жұмыс істейді. Содан кейін рубль 70-ке дейін өсуі мүмкін. Тиісінше, теңге 400-ге дейін төмендеуін, мүмкін одан да төмендеп нығаюын күтуге болады.
Ең пессимистік тұрғыдан алсақ, АҚШ президенті Джо Байден уәде еткендей Ресейге қарсы қатаң санкциялар енгізіледі. Бұл Ресейдің SWIFT жүйесінен ажыратылуы, ресейлік газ бен мұнайды сатып алуға тыйым салу, ресейлік қарызды сатып алуға тыйым салу, ресейлік компаниялар мен мемлекетке қарыз беруге тыйым салу. Яғни, Ресейді халықаралық нарықтардан және сыртқы әлемнен толық ажырату. Бұл барлық жағынан жалпы оқшаулау. Мұндай жағдайда бір доллардың құны 100-120 рубльге дейін құлдырауы толықтай мүмкін. Сонда теңге бағамы қандай болатынын болжау қиын.
Егер теңгенің рубльге қатынасын 5,5-5,7 деңгейінде алсақ, рубльдің 100-ге дейін төмендеуі теңгенің 550-570-ке дейін төмендеуін білдіреді
Бұл пессимистік сценарийді есептен шығарудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ алдын-ала дүрлігудің де қажеті шамалы.
– Сіз айтқан оқиғалар дамыуының үш сценарийі қандай перспективаға есептелген?
— Ұзақ кезеңге. Менің ойымша, мұндай нәрселерді бір жылдың төңірегінде бағалау керек. Жақын болашақты бағалау одан да қиын.
Теңгенің одан да қатты құлдырауының қандай да бір елеулі қаупін әзірге көріп тұрған жоқпын. Бірақ Ресейге қарсы санкциялар кез-келген уақытта енгізілуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек
Немесе мұнайға бір нәрсе болады – шартты түрде, келесі аптада немесе үш айдан кейін. Сондықтан, қазіргі уақытта мен 433-тің маңында нығаятынын, аптаның соңына дейін 430-ға дейін төмендеуге мүмкіндігі бар екенін көріп тұрмын.
— Бұл нығаю не есебінен болады?
— Өткен аптада мұнай барреліне 61 доллар болса, бүгін 63 доллар болды. Ол барреліне 64-65 долларға дейін өседі деген болжам бар. Мүмкін, бұл курсты ұстап тұруға көмектесетін шығар.
Тағы да, халықаралық нарықта доллар индексі әлсірей бастады. Бұл да біздің ұлттық валютамыздың нығаюына көмектесуі мүмкін
Қазақстан бюджеті бір доллар үшін 420 теңге бағамы бойынша бекітілді. Бұл курсты 420-дан төмен нығайту біз үшін тиімсіз екенін білдіреді. Қазір ресейлік және қазақстандық валютаның айналасында болып жатқан жағдай – бұл орынды құбылмалылық. Бірақ күнтізбелік айда рубль айтарлықтай деңгейде әлсіреді.
– Рубль 80-ге дейін төмендеген жағдайда теңге бір доллар үшін 442-ге дейін төмендеуі мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Бірінші мақсат, мен деңгей бойынша жаздым, бұл 435, содан кейін 437-440. Бұл жақын болашаққа арналған. Нақты деңгейлерді атау қиын, өйткені сөз биржалық курстар туралы болып отыр және олар үнемі секіріп отырады.
– 7 сәуірде Ұлттық Банк бағам ахуалына түсініктеме бергенде, теңгенің әлсіреуі сыртқы саяси және экономикалық факторлармен ғана емес, Қазақстандағы іскерлік белсенділіктің өсуімен де байланысты болды. Сіздің ойыңызша, бұл ішкі факторлар курсқа қатты әсер ете ме, әлде бірінші кезекте сыртқы факторлар әсер ете ме?
– Ішкі процестер, әрине, маңызды. Бағамның түзілуі тек бір немесе екі параметр бойынша жүрмейді. Оның үстіне, бұл валюта.
Сыртқы және ішкі әсер ету факторлары көп. Ковидтік жылдан кейін бізде іскерлік белсенділік те, экономикалық өсу де қалпына келу жүріп жатыр. Бірақ біз барлық шығындарды әлі жапқан жоқпыз.
Жылдың қорытындысы бойынша ғана емес, 2021 жылдың соңғы үш айында да біз ковидке дейінгі деңгейге шықпадық, алда соған жетуіміз керек
Әрине, 2020 жылы болған жағдай теңгеге ауыр соққы болды. Шын мәнінде, менің ойымша, бұл ұлттық валютаға деген сенімге де әсер етті. Бағамның тұрақсыздығы мен сыртқы жағдайды ескере отырып, ішкі процестерді болжау мүмкін емес деп санауға негіз бар. Адамдар теңгенің одан әрі әлсіреуін күтеді, долларға ауыстырады, осылайша шетел валютасына сұраныс тудырып, бағамның көтерілуіне үлес қосады. Бұл өз өсімін өзі молайтатын процесс.
Олар бағамның көтерілуіне үлес қоса отырып, валюта сатып алады да, ұлттық валютаға сенімсіздіктеріне қатысты өздерінің гипотезаларына дәлел табады, сөйтіп тағы да сатып алады. Бұл бағамды одан сайын төмендетеді.
Демек, қазір рубль мен теңге бағамдарының төңірегіндегі жағдайдың ары қарай өрбуі бойынша нақты болжам жасау мүмкін емес. Олардың қандай болатынын саяси оқиғалар мен уақыт көрсетеді.