Семейде оқыс оқиға орын алды. Анасының білместігі салдарынан қызы ажал құшты.
Семейде бір әйел қызының шашын биттен тазалау үшін ауылшаруашылығында малға арналған улы дәріні пайдаланған деп жазады Еxpress-k.kz.
Оны қолданар алдында әйел қорап ішіндегі нұсқаулықпен танысуды да еске алмапты. Ал ол ІІ-дәрежелі улы затқа жатады екен. Тіпті, малға қолданар алдында да 1 миллилитрін 10 литр суға араластыру қажет екен. Ал қызының шашын тазаламақ болған ана оның 1 миллилитрін 1 литр суға ғана араластырғанға ұқсайды.
Тура осындай жағдай Семей қаласының сыртындағы елді-мекенде екі жыл бұрын орын алыпты. Тура сол дәрі-дәрмекпен басын жуғанда қыз бала анафилактикалық шок алып, есін жимастан ауруханада қайтыс болған. Осы жайттарды ескере отырып, дәрігерлер ата-аналарға паразиттермен күресте дәстүрлі тәсілдерге жүгінуге кеңес береді.
– Педикулезден емдейтін дәрі-дәрмек кез келген дәріханада толып тұр. Бит пен сіркені теріп, сүзгі тарақпен де құртуға болады. Ал бас биттемес үшін қарапайым гигиенаны сақтау абзал, – дейді Семейдегі Жедел жәрдем қосалқы стансасы орталығының меңгерушісі Эльвира Гатауллина.