Нұр-Сұлтан
Қазір
-7
Ертең
-12
USD
499
+0.17
EUR
523
+3.12
RUB
4.81
-0.04

Америкалық студенттің естеліктері. 1-бөлім

490

Сен — шетел азаматысың!

Мен енді ғана орыс тілін үйреніп жүрмін, сондықтан сөйлегенде акцент қатты білінеді. Жергілікті халық менің қайдан екенімді сұрастыра бермейді, олар  маған «Сен шетелдіксің» дейді және бұл туралы әрдайым есіме салып тұрады.

Такси жүргізушілері мен Трамп

Американың таксистері көп сөйлемейді.

Ал алматылық таксистер АҚШ-тың саясатына сараптамалық талдау жасап, Трамптың саясатағы артықшылығы мен кемшілігі туралы айтып береді.

Сондай-ақ РФ мен АҚШ арасындағы күрделі мәселелердің шешу жолдарын көрсетіп, құнды кеңестер береді.
Такси жүргізушілерінен көптеген таңғаларлық тарихи фактілерді де білуге болады.

«Біле білсең, Наполеон қазақ болған!»

Олар менің жеке өміріме қатысты мәселелерге де қатты алаңдайды.

«Неге сен қызбен кездеспейсің? Тез арада қыз табу керек!»

Мұның бәрі бас аяғы 10 минуттың ішінде болатын әңгіме. Жол ақысына келгенде 1000 теңгеден аз ақша алғылары келмейді (себебі мен шетелдікпін ғой).

Сен тыңшы емессің бе?

Жоқ, тыңшы емеспін. Біріншіден, Орталық барлау басқармасына (ЦРУ) менен де сенімдірек адамдар керек.

Екіншіден, шетелдік азамат тыңшы болса, ол көбірек күдік тудырады.

Үшіншіден, бұл қалжың әңгіме емес.  Шындығына келгенде, мен тыңшылық туралы әңгімені жүздеген адамнан естідім. Тіпті Америкадағы таныстарым менің Қазақстанда оқитынымды білгенде, менен «Сен тыңшы емессің бе?» деп сұрайды. Бұл өте таңғаларлық жайт.

Монша

Неге мені басқа бір жалаңаш адам ұрады? Ең бастысы бұл түсініксіз әрекет маған ұнауы керек екен.

Бейтаныс адамдардың кеңесі

Маған Қазақстанда бейтаныс адамдар көп кеңес береді. Жақында болған Шоқыну мерекесінде досымыз екеуміз суға түстік. Бас киімімді ұмытып кеткенім болмаса, бәрі тамаша болды.

Америкада адамдардың көбі бас киімсіз жүре береді, бұл қалыпты жағдай.  Бірақ менің бас киімсіз жүргенімді көрген апалар  жаныма жиналып алды. Алғашында біреу, кейін екіншісі, ары қарай бір топ апа келіп, «Балам,  бас киімсіз жүруге болмайды…» деп қайталай берді.

Әрине, олардың менің денсаулығыма алаңдап жатқанын түсінемін. Бірақ жергілікті адамдардың басқалардың өміріне араласып, кеңес беруге дайын тұратыны мені өте қатты таңғалдырды.

Америкалықтардың білімі

Қазақстан халқының географиялық білімі жоғары. Мен Миннесота штатынанмын. Бұл шағын штат болғанына қарамастан, Алматыдағы таныстарымның барлығы оның қайда орналасқанын біледі.

Керісінше Америкадағы адамдар Қазақстан туралы мүлдем білмейді. Олар «-стан» дегенді естігенде, мені Ауғанстанда оқиды деп ойлайды.

Шай

Америкада көбінесе кофе немесе су ішемін. Ал бұндағы адамдар кез келген жағдайда шай ішеді екен.

Таңертең ұйқыдан оянғанда — шай.

Ұйқыға  жатар алдында алдында —шай.

Денең жаурап, жылынғың келсе — шай.

Көптен көрмеген досыңмен кездескенде — шай.

Аурудан айығып, шөліңді қандырғың келсе — шай.

Сен қазақтан шыққан Суперменсің бе!? Шай ішіп, күш жинап ал да, әлемді құтқаруға аттан!

Ырымдар

Әрине, әр халықтың өз ырымдары болады. Дегенмен, бір байқағаным қазақстандағы адамдар оған өте қатты мән береді немесе мен тым ырымшыл адамдармен араласамын.

Тақ немесе жұп санды гүл сыйлауға болмайды.  Қайсысы дұрыс екенін білмегендіктен, мен мүлдем гүл сыйламаймын.

Ғимараттың ішінде ысқыруға болмайды екен. Мен мұны хостелде душқа түсіп жатқанқанда білдім. Бір ырымшыл адам душтың жанынан өтіп бара жатып «Бұлай істеуге болмайды, ол жаман ырым!» деп айтты да есікті жауып кетіп қалды.

Ең қызығы мен сол кезде қолтығымды жуып жатқанмын. «Қолтықты жуу жаман ырым ба? Қалай сонда?» деп  таңғалдым. Өз-өзіме келген соң, ары қарай ысқырып, жуына бастадым. Ол қайта келіп, есікті ашып «Ысқыруға болмайды!!!» дегенде ғана әңгіменің мәнін түсіндім.

Жалғасы бар

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз