Полиция алматылықтарға Қырғызстаннан арзан көлік әкеп беруге жалған уәде берген күдікті ер адамды ұстады.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Күдікті Қырғызстаннан арзан бағамен автокөліктер тасуға уәде берген, ол үшін автокөлік құнының жарты ақшасын алдын ала алып отырған. Ер адам ақшаны алып, көршілес республикаға кеткендей кейіп танытып, жасырынып жүрген. Анықталғандай, күдікті ауызша уағдаласқан міндеттемелердің ешбірін орындамаған», – деп хабарлады Алматы қаласы Бостандық ауданы ІІБ басшысы, полиция подполковнигі Берік Әбілбеков.
ұсталған күдікті жолыққандарға ауқатты іскер адам ретінде танысқан. Кей тұрғындар оған жұмысқа орналасу, жылжымайтын мүлікке құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік органдардан анықтама алу бойынша өтініш білдірген.
Күдікті оларға ақылы негізде көмектесуге уәде бергенімен, бірақ сөзінен тайқып кеткен.
Ш. есімді күдікті 1976 жылы туған, ол өзі тұратын және тұрғындардың көпшілігін алдап соққан Алматы облысы Іле ауданында ұсталды және ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Қазіргі уақытта ол бірнеше қылмыстық іс бойынша айыпталуда, күдіктінің қатысы бар 50 қылмыстық эпизод анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігі бойынша жүріп жатыр.