Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
9
USD
482
0.00
EUR
532
0.00
RUB
5.07
0.00

Алматылық келіншек жолдасына алимент төлетудің ерекше әдісін тапты

Әлия Жақсыбаева – үш баланың анасы. Ол өзгелер сияқты жолдасын сотқа беріп, қаржылай жәрдемдеспегені үшін қызылкеңірдек болып әуреге салынбайды. Себебі, өзі де алимент төлейді. Әрине заң жүзінде болмаса да, бұрынғы күйеуі екеуі ортақ келісімге келген. Келісімнің өзіндік шарттары да бар. Мәселен, Әлия балаларды ай сайын екі аптадан кейін бірнеше күнге алып кетуі керек, егер олай болмаса немесе кешіксе онда балалар оның қолында тағы екі аптаға қалады.

«Балаларым ер жетіп қалды. Оларға бәрібір әкесінің, ер адамның тәрбиесі керек деп ойладым. Өзіме де біраз ауыр болып кетті. Содан мен одан балалар 1 жылдай сенде болса болады ма деп сұрадым. Ол ойланбастан келісті. Мен оның үстінен заңды түрде алиментке арыз түсірмедім. Бірақ біз алдын ала соманы белгілеп, өзара келісімге отырдық. Қазір енді мен төлеп жатырмын»,- деді Қала тұрғыны, ӘлияЖақсыбаева.

Жолдасымен жолдары екіге айырылғанына 4 жылға жуықтапты. Бастапқы 3 жылда балалары өзінде болған. Алайда, ер азаматтар баламен жалғыз қалудың қандай боларын сезінуі керек деп ұйғарған Әлия, осындай қадамға барған көрінеді.

«Кейде ол төлемді кешіктіретін, бұл мені қатты толғандыратын. Тіпті сөзге келіп те қалатынбыз. Ал қазір оның көзқарасы өзгерді. Ол баламен жалғыз қалғанның қандай боларын біледі, түсінеді. Яғни, ол өзін менің орныма қойып көрді. Менің ойымша, бұл көптеген адамдарға ыңғайлы болады»,- деді Қала тұрғыны, Әлия Жақсыбаева.

Ал елімізде алимент мәселесін неқұрлым оңтайлы шешу үшін түрлі тәсілдер ойластырылып жатыр. Мәселен, жуырда еліміздің Әділет және халықты еңбек пен әлеуметтік қорғау министрліктері бірігіп алиментін төлемегеніне үш айдан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыру туралы бұйрық шығарған.

«Қарызын төлемеген азаматтар кейде бізден қашуға, айлық көрсеткішін аз етіп көрсетуге түрлі амалдар жасайды. Десе де біз оларға хабарлама жіберіп, әрдайым ескертіп отырамыз. Мұндай тәжірибе бұрын болған бірақ, қазір бірігіп шығарылған бұйрық өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен былтыр бір жылда тек 2 адам ғана жұмысқа орналасса, биыл 5 айдың өзінде 43 адам еңбекпен қамтылды»,- деді Атқару өндірісін қамтамасыз ету басқармасы басшысының міндетін атқарушы, Салтанат Көшкінбаева.

Жыл басынан бері төленбеген 1 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылыпты. Қазір қалада жалпы 60-қа жуық алимент төлемеген ер азамат тіркелген. Соның ішіндегі 45 азаматтың қарызы 1 миллионнан асады. Енді олар жұмысқа тартылмақ.

Дереккөз: Stan.kz 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз